×

Министр интернет жылдамдығы қашан тұрақталатынын айтты

Бүгінде ведомство арнайы жоба әзірлеп жатыр

 Дәурен Ерболат 01.12.2022 | 12:30
фото: ашық дереккөз

Қазақстанда интернет жылдамдығы тұрақты болу үшін 2 жыл керек. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Министрдің айтуынша, бүгінде интернет қызметін пайдаланатындардың саны артқан. Осыған байланысты интернет жылдамдығы да баяулаған. Оның сапасын арттыру үшін қомақты ақша керек.

Желілерді тарту үшін ауқымды инвестиция қажет. Біз алдағы 2 жылда премьер-министрдің тапсырмасы бойынша «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасын әзірлеп жатырмыз. Менің ойымша, ұлттық жоба 1-2 айдың ішінде толық жасалып, Үкімет отырысына енгізіледі. Үкімет мақұлдаса, ауқымды инвестициялық жобаларды телеком операторлармен бірігіп, жүзеге асырамыз, - деді Бағдат Мусин Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Halyq Uni тілшісі министрге «Интернет жылдамдығы тұрақты болуы үшін қанша уақыт керек?» деп сұрақты нақтылады.

«Сізге 2024 жылы әр азаматқа 1 мегабит интернет болады деп уәде бере алмаймын. Бірақ бүгінгі бекітілген стандарттарға сай, 2 жылдың ішінде интернет жылдамдығы тұрақты болуы үшін барлық жұмысты жүргіземіз. 5-10 мегабит интернет жылдамдығымен әр азамат қамтамасыз етіледі. Халқының саны 200 адамнан аз ауылдарда интернет жылдамдығы тұрақты болады деп уәде бере алмаймыз. Онда спутник технологиясы арқылы интернет таратамыз», - деді Бағдат Мусин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама