Halyq Uni логотип
×

Ресейде «Z» деген таңбалы көліктер өртеніп жатыр

Тағы белгісіз бір адам белгі салынған көлікті балтамен шауып кеткен

 Дастан Жұмабекұлы 01.12.2022 | 12:18
Ресейде «Z» деген таңбалы көліктер өртеніп жатыр
фото: 72.ru

Ресейдің Екатеринбург қаласында «Z» деген белгісі бар көліктерге от қою үрдісі болып жатыр. Бұл туралы Ura.ru хабарлады.

Екатеринбург полициясы осыған байланысты «бандерашылар рухындағы» қаскөйлерді іздеуге кірісіп кетті. Мұны Свердлов облыстық ішкі істер департаментіне қарасты қалалық басқарма растап отыр.

Екатеринбургте осындай жабайы әрекеттер тіркеліп жатыр. Мұндай оқиғалардың бірқатары жақында қаладағы Чкалов ауданының территориясында болды, – деп мәлімдеді қалалық басқарманың ресми өкілі, полковник Валерий Горелых.

Оның айтуынша, министрлік қазір түнгі от жағушылардың кімдер екенін анықтау жұмысын жүргізіп келеді.

«Із кесушілер бейнебақылау камералары түсірген суреттерді тексеріп, шағын аудандар тұрғындарынан сауалнама алып жүр. Сондай-ақ жариялауға жатпайтын басқа да жедел шараларды қолға алды», – деп атап өтті Горелых.

28 қараша күні журналист Александр Невзоров өзінің телеграм-арнасында Екатеринбургте «Z» деген әрпі бар автомобильдерді өртеп жүргендер түсірілген видео жариялады. Онда белгісіз біреулердің машиналарға «Молотов коктейлін» лақтырып жүргендері немесе қолмен жағып жатқандары көрінеді. Невзоров бұлардың кімдер екенін өзі де білмейтінін, тек арнайы жіберілген видеоны таратып отырғанын айтты.

Бұдан бұрын Екатеринбургте «Z» және «V» деген символдары бар қызыл бояулы машинаға бензин құйып жүрген жергілікті тұрғын ұсталған болатын. Ол өзінің бұл әрекетін пацифистік көзқарас деп бағалады. Оған «армияны күстаналау» деген бап бойынша айып тағылып, айыппұл салынды. Ал қазан айының басында Уралмаш шағын ауданындағы аулалардың бірінде белгісіз бір адам «Z» деген белгі салынған машинаны балтамен шауып кеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама