Байзақтағы жарылыстан кейін жоғалған Бауыржан Дәуітбаевтың сүйегі табылды

Ұлдана Жұбай

2021 жылдың 26 тамызында әскери бөлімнің қоймасында жарылыс болды

коллаж Халық үні

Жамбыл облысы Байзақ ауданындағы жарылыс кезінде жоғалып кеткен кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтың мәйіті табылды, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ақпаратты Оңтүстік өңірлік қолбасшылығы Тараз гарнизоны растады.

2021 жылдың 26 тамызында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасында өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан 17 адам қаза тапты, бір адам хабар-ошарсыз кетті. Сол уақыттан бері кіші сержант Бауыржан Дәуітбаевтан еш хабар болмады.

Марқұмның шашылған сүйегінің бөлшектері мен киім қалдықтары жарылыс болған әскери бөлімнің ауласынан табылған. Табылған сүйекке жасалған сараптама із-түссіз жоғалған ер адамға толық сәйкес келген. 

«Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылдың 26 тамызынан бастап жүргізілді. Сүйек қалдықтарын бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапты. Молекулярлық-генетикалық сараптама оның Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті. Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді», - делінген Қорғаныс министрлігі таратқан ақпаратта.

Бірінші желтоқсанда Жамбыл облысы Базарбай ауылында Бауыржан Дәуітбаевты жерлеу рәсімі өтеді.

Айта кетейік, марқұмның отбасы Байзақ ауданының Базарбай ауылында тұрады. Бауыржан Дәуітбаев пен Ділнәз Данаеваның бес баласы бар. Күйеуі хабар-ошарсыз кеткенде Ділназ Данаева бесінші баласына жүкті болған. Ырымдап атын Аманкелді қойған.

«Қай жерде екенін айта алады деген адамның бәріне бардық. Алматыға да барып келдік. Іздемеңдер, таппайсыңдар деп, өзі келетінін айтады. Бірақ өзі келеді деп қол қусырып отыра бермейміз ғой. Соңғы рет Жасөркен (Жамбыл ауданы – Halyq Uni) деген ауылда жүр екен деген сыбыс шықты. Қазір қай тауға барып іздесек болады екен деп отырмыз», - деді Ділнәз Данаева жарылысқа бір жыл болған кезде.

Әйел жақсылықтан үміт үзбейтінін айтты.

«Күйеуім кеткенде аяғым ауыр еді, үш айлық кезі. Қазір ол баланың дүниеге келгеніне де бес ай болды. Аманкелді деп ырымдап қойдық. Атын екінші ұлымыз қойды. Менің аман-есен босануымды тілеп, әкесінің үйге оралуын күтіп, Аманкелді деп қоюды сұрады. Құдай сол баланың аузына ырымдап салып жатқан шығар дедік. (...) Төртінші ұлым қатты іздеді. «Папамды неге таппай жатыр?», «папамның түрін көрген жоқпын ғой», «неге жібермей жатыр?» деп сұрақ қояды, - дейді әйел.

БАЙЗАҚТАҒЫ ЖАРЫЛЫС

2021 жылдың 26 тамызда Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнің қоймасынан өрт шықты. Бас кезінде әскери бөлімнің өрт сөндірушілері тілсіз жаумен өздері күресіп көрген. Артынан төтенше жағдайлар қызметінің өрт сөндірушілері келді. Ал бір сағаттан кейін оқ-дәрілер жарыла бастады. Жақын маңдағы ауыл тұрғындары Таразға көшіруге шешім қабылданды.

Жарылыс 2021 жылдың 26 тамызында Байзақ ауданы Қайнар ауылынан 420 метр жерде болды. Салдарынан Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында 35 аула және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінді. Жамбыл әкімдігінің хабарлауынша, қираған нысандарды қалпына келтіруге 430 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 

2021 жылдың 27 тамызында төтенше жағдайдан келтірілген залалды анықтау үшін комиссия құрылды. Бүлінген нысандарды тексеру және қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органдарда 5 жұмыс тобы құрылды. Әкімдіктің хабарлауынша, олар Байзақ ауданының Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы, Төрекелді, Базарбай, Көкбастау ауылдарындағы барлық үйді аралаған.

Жарылыс салдарынан 3 елді мекендегі 35 ауланың және 12 кәсіпкерлік нысан бүлінген. Қайнар, Үшбұлақ, Жібек жолы ауылдарында орналасқан аулаларды қалпына келтіруге 261,2 миллион теңге, кәсіпкерлік нысандарды қайта қалпына келтіру үшін 170,1 миллион теңге жұмсалды, - деп хабарлады облыс әкімдігі.

Қайнар ауылында 19 үй бар. Қазір оның барлығына газ қосылды. Қайнар ауылында ұзындығы 1,3 шақырым Бірлік көшесіне орта жөндеу жұмыстары және көшеге жарық орнатуға 35,1 миллион теңге бөлінген. Қазір ауылда теп-тегіс жол бар.

Айта кетейік, бұған дейін қорғаныс министрлігі Дәуітбаевтың денесі оқ-дәрі қоймасында жарылып кетуі мүмкін екенін жоққа шығарды. Себебі мұндай жағдайда денесінің бір бөлшегі табылуға тиіс.

2021 жылдың 29 қазанында Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Әскери қоймадағы жарылыстар кезінде қаза тапқан азаматтар мен олардың әйелдерінің кредиті кешірілді.

2022 жылдың тамызында Жамбыл облысында Байзақтағы әскери бөлім қоймасындағы жарылыстан қайтыс болғандарға ескерткіш тақта орнатылды. Ескерткіш тақта Байзақ ауданы Қайнар ауылындағы әскери бөлімде ашылды. Ол жерде төтенше жағдай кезінде қайтыс болған 17 адамның аты-жөні жазылған. 

Сондай-ақ Байзақ ауданы Сарыкемер ауылында да тағы бір ескерткіш тақта орнатылды. Ол жерде жарылыс кезінде қайтыс болған Байзақ ауданы тумасы – Оразбек Дәлібаев, Еркін Нәдірбеков, Марат Мешінбай, Арнұр Темірболатов, Әділбек Әділет, Кеңес Әліби, Елдос Сандыбаев, Ерлан Қырғызалиевтың аты жазылған.