Петропавлда былтыр ашылған жаңа мектепте мыңға жуық оқушысы бүрсең қағып отыр
Үш қабатты IT мектеп-лицейінде 920 бала оқиды
Петропавлда 2021 жылы пайдалануға берілген жаңа мектепте оқушылар бүрсең қағып отыр. Мыңға жуық оқушы білім алатын IT мектеп-лицейдің оқушыларына мұғалімдер сабақта қалың киіммен отыруға рұқсат берген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
300 ШАРШЫ МЕТР АУМАҚТЫ БЕС БАТАРЕЯ ЖЫЛЫТЫП ТҰР
Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейі 2021 жылы қыркүйекте ашылды. Үш қабаттан тұратын соңғы үлгідегі ғимаратта 920 оқушы білім алып жатыр. Кейінгі күндері оқушылар мен ұстаздар нысандағы төмен температураға шағымданып отыр. Аяз түсе салысымен кабинеттер күрт салқындаған. Кей кабинетте температура 10-13 градусқа дейін түскен. Проблеманың барын білім ошағының басшылығы да жасырмады. Айтуынша құрылыс жұмыстары кезінде бірқатар кемшілік жіберілген.
«Мектеп дәлізінің аумағы 308 шаршы метрді құрайды. Ол жерге бес батарея орнатылған. Яғни, олар ішті толық жылыта алмайды. Осы мәселені мердігерге талай рет ескерттік. Құрылыс басқармасындағы мамандарға да хат жазып, ескерттік. Жазда жауаптылар бізге калорифер орнатып беруі қажет еді. Бірақ белгісіз себеппен бұл шаруа уақытында атқарылмады. Оның үстіне жаңа білім ошағына қыркүйекте көштік. Нысан жазда қабылданды. Ол кезде ешқандай кемшілік көрінбеді. Былтыр қыста да айтарлықтай проблема болмаған еді», – деді Мағжан Жұмабаев атындағы IT мектеп-лицейінің директоры Разия Қасымова.
БАЛАЛАРДЫҢ БАСЫМ КӨПШІЛІГІ АУЫРЫП ҚАЛҒАН
Қазір оқушылар салыстырмалы түрде жылы кабинеттерге ауыстырылды. Сыныптың есігін мүмкіндігінше ашпауға тырысады. Себебі дәліздегі температура кабинеттерден әлдеқайда төмен. Оқушылар мен мұғалімдердің бірқатары сырқаттанып қалған. Оқушылар болса, мұндай суықта оқу мүмкін емес екенін айтады.
Мектептің дәлізі салқын. Сондықтан шамамыз келгенше кабинеттен шықпаймыз. Тоңып қалмау үшін қысқы киімдерімізді шешпейміз. Қазір балалардың көбі ауырып жатыр, - дейді оқушылардың бірі.
Өңірде ауа температурасының күрт төмендегеніне бірнеше күн болды. Кей жерде сынап бағанасы -30 градусқа дейін түсті. Жаңа мектептің алғашқы аязға «шыдамағаны» көптің талқысына түсті. Ал Петропавл қалалық білім бөлімі жағдайдың қашан ретке келетінін дөп басып айта алмай отыр.
МЕКТЕП ӘЛІ КҮНГЕ ДЕЙІН ЖӨНДЕЛМЕГЕН
Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Шөптікөл елдімекенінің тұрғындары былтыр уәде етілген мектептің әлі күнге дейін жөнделмегеніне наразы. Оқу жылы осыдан үш ай бұрын басталғанымен балалар қазір уақытша арнайы мектеп-интернат ғимаратында білім алып жатыр. Бұл жерде де оқушылар мен ата-аналарды жылу мәселесі алаңдатып отыр. Қазандық дұрыс жұмыс істемегендіктен ғимарат іші салқын. Сондықтан мұндағы сабақтар 30 минутқа дейін қысқартылған.
«2020 жылдан бастап Шөптікөл ауылының тұрғындары мектепті жөндеу мәселесін көтеріп келді. Қазір мұнда 64 оқушы оқып жатыр. 2022 жылы Шөптікөл орта мектебінің шатырын, терезелерін, электр сымдарын және ішкі әрлеуін күрделі жөндеуге 7 ай мерзімге шамамен 154 миллион теңге қаржы бөлінді. Оқу жылы басталар алдында ата-аналар жиналысы өткізілді, онда ата-аналарға оқу сабақтары Шөптікөл орта мектебінен 250 метр жерде орналасқан көршілес арнайы мектеп-интернатта басталатыны туралы айтылды. Барлығы бұған келісті. Толыққанды үздіксіз оқу процесін ұйымдастыру үшін көрші нысанда барлық жағдай жасалған. Яғни, бұл жерден 10 арнайы кабинет бөлінді, ғимарат ішінде дәрітханасы бар», – делінген облыстық білім басқармасы таратқан хабарламада.
Ал облыс орталығынан 400 шақырымдай жерде орналасқан білім ордасының ғимаратына электр желілері жүргізіліп, есік-терезелері толығымен ауыстырылды. Қабырғаларына да әрлеу жұмыстары жүргізілді. Жұмыс 2022 жылдың 6 желтоқсанына дейін аяқталады.