Қаңтар оқиғасына қатысқан қызылордалық 17 жылға сотталды
Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтейтін болады
Қызылорда облысында қайғылы қаңтар оқиғалары кезінде жаппай тәртіпсіздікке қатысқан ер адам сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында жаппай тәртіпсіздіктерге қатысып, әскери қызметшінің өміріне қол сұғып, лаңкестік әрекет жасады деп айыпталған Қ. есімді азаматқа қатысты қылмыстық іс қаралды.
Сотта анықталғандай, 5 қаңтарда сотталушы қаладағы сауда үйлерінің бірінің алдында болған жаппай тәртіпсіздікке қатысу кезінде әскери қызметшіге қарсы күш қолданып, «КамАЗ» әскери көлігіне отырып алған. Көлікке отырғаннан кейін газ педалін соңына дейін басып, оны кірпішпен тіреп, артынша көлікті шегініп бара жатқан әскери қызметшілер сапына қарай бұрып, өзі көліктен секіріп түскен.
Соның салдарынан жүк көлігі бір әскери қызметшіні басып кеткен. Ол алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған.
Сотталушының кінәсі куәлардың айғақтарымен, қылмыстық іс материалдарына тіркелген бейнежазбалармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамасының қорытындысымен дәлелденді.
Сот жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды ескере отырып, Қ.-ны 17 жылға бас бостандығынан айыру, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемелерінде өтеу туралы үкім шығарды.
Терроризм актісі эпизоды бойынша сотталушы ақталды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.