Түркістан облысының тұрғыны құтырмадан қайтыс болды

Динара Амантай

Өңірде жыл басынан бері 6 мыңға жуық адам жануарлардан жарақат алған

Фото: Halyq Uni

Жыл басынан бері Түркістан облысында 6 мыңға жуық азамат жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің мәліметінше, Түркістан облысы аса қауіпті жұқпалы аурулар бойынша эндемиялық аймаққа кіреді. Сонымен бірге құтырма ауруы бойынша да қауіптілігі жоғары аймақтар қатарына жатады. 2022 жылдың басынан бүгінгі күнге дейін 5 968 азамат жануарлардан жарақат алып, медициналық көмекке жүгінген. Оның ішінде 5 190-ы иттен, 479-ы мысықтан, 72-і жылқыдан, 13-і ірі қарадан, 15-і ұсақ малдан, 199-ы басқа да жануарлар мен кеміргіштерден зардап шеккен. Дегенмен бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда жарақат алушылардың 2,3% азайғанын көрсетеді. 2021 жылы 6 019 азамат жануарлардан жарақат алған болатын.

Облыстық Ветеринарлық зертхананың дерегі бойынша 51 патологиялық материал құтырма ауруына тексеріліп, 1 сынамадан оң нәтиже анықталған.

Құтырма ауруы – бұл орталық нерв жүйесінің зақымдалуымен және өлім жағдайына әкеліп соқтырумен сипатталатын жануарлар мен адамдардың табиғи ошақтық ауруы. 60%-70% жағдайда жұқтыру көзі ит, мысық, үй жануарлары, кеміргіштер болып саналады. Көп жағдайда вирус ауру жануарлардан жарақат алып, тістелген, тырналған немесе сілекейленген жағдайда зақымдалған тері қабаты арқылы еніп, нерв талшықтарымен бас, жұлын миына жетіп, онда көбейіп, жинақталады.

Құтырма ауруының инкубациялық кезеңі (ауру қоздырғышын жұқтырғаннан – аурудың алғашқы белгілерінің пайда болуына дейінгі жасырын мерзім) 12 күннен 1 жылға дейін созылуы мүмкін, ұзақтығы тістелген орынға байланысты.

Аурудың алғашқы негізгі клиникалық көріністері мен белгілері: тістелген тыртық орнының ауыруы, қызаруы, ісінуі, жансыздануы байқалады. Қорқыныш (судан, ауа қозғалысынан, жарық шамның әсерінен, шуылдан) үрейлену сезімін, бас ауыруын, тітіркенушілікті, тыныс алу мен жұтынудың қиындауын, дене қызуының кенеттен 38-40° С дейін көтерілуін тудырады. Құтырма ауруының белгілері басталған уақыттан бастап жасалған ешбір ем-шара өлімнен құтқара алмайды. Сондықтан құтырмамен ауырған жануарлармен сілекейленген немесе жарақат алған кезде жедел түрде медициналық-травматологиялық пунктке немесе хирург дәрігерге көрініп, сілекейленген немесе жарақат алған орынды қою сабынды-содалы ерітіндімен жақсылап жуу керек және вакцина алу керек.

Жыл басынан бері облыста дәрігерге уақтылы жүгінбеген 1 азамат, аурудың асқынып кетуіне байланысты қайтыс болған.