Мәскеуде «Қазақстан аруы-2000» байқауына қатысқан актриса өлі табылды
Ол Мәскеудегі «Луна» театрында жұмыс істеген
28 қарашада түстен кейін Мәскеудегі «Луна» театрының 37 жастағы актрисасы Наталья Стешенконы (Семаго) кішкентай бала тауып алған. Ресейлік БАҚ-тың хабарлауынша, актрисаның денесінде зорлық-зомбылық белгілері болмаған. Нақты себебі сот-медициналық сараптамадан кейін анықталатыны айтылды.
Актрисаны тауып алған кішкентай бала көршілерін көмекке шақырып, жедел жәрдемге хабар берген. Бірақ әйел дәрігерлер келгенше жан тапсырған.
Наталья Стешенко Павлодар қаласында дүниеге келген, 2000 жылы «Қазақстан аруы» байқауына қатысқан. Ол Мәскеудегі «Луна» театрында жұмыс істеді, сонымен қатар «Алданған әйелдер лигасы» телехикаясында басты рөлді сомдады.
Еске салайық, 2000 жылы өткен «Қазақстан аруы» байқауында 14 өңірден 30 адам бақ сынаған. Сол байқауда алматылық Маргарита Кравцова «Қазақстан аруы» атанса, ақтөбелік Эльвира Жақыпова (І вице-ару), астаналық Евгения Крист (ІІ вице-ару) және алматылық Әсел Жұманбекова (ІІІ вице-ару) жүлделі орын алған.
Сол байқауда Павлодар қаласының атынан екі ару бақ сынаған - Наталья Стешенко және Фатима Жылгелдинова.