Қажет болса, мемлекетке 1 тиынға беруге дайынмын – Клебанов
142 көпқабатты тұрғын үйдің 132-не жылу берілді
Парламент Мәжілісіндегі AMANAT партиясы фракциясының бірнеше мүшесі Екібастұз қаласындағы Жылу-электр станциясының жағдайымен танысып, жедел түрде жүзеге асырылуы тиіс әлеуметтік мәселелерді жергілікті атқарушы билікпен бірге шешу үшін Павлодар облысына барды.
Олар жергілікті билікпен бірге Екібастұз қаласындағы әлеуметтік мекемелердің жағдайымен танысып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан хабарлады.
Оның айтуынша, қазір 330 орындық қалалық орталық аурухана мен оның хирургиялық, терапиялық және балалар бөлімі штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Барлық пациенттерге тиісті ем-шара көрсетілуде. Қалада негізінен көпқабатты тұрғын үйлер көп зардап шеккен.
142 көпқабатты тұрғын үйдің 132-сіне жылу берілді. Қалған 17 үйдің жылу жүйесін реттеу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін түнде AMANAT партиясының мүшелері ұйымдастырған Екібастұз қаласындағы жылусыз қалған тұрғындарға арналған гуманитарлық көмек тиелген жүк көлігі қалаға жетті.
Аманаттықтардың қолдауымен барлығы 1 мыңнан аса жаңа электр жылытқыштар, көрпелер, термостар және басқа да тұрғындарға қажетті заттар келді. Көмек келген бетте Екібастұз қаласындағы еріктілер тобы түнімен қажетті заттарды мұқтаж жандарға жеделдетіп жеткізді. Павлодарлық волонтерлар тобын Мәжіліс депутаты, әріптесім Вера Ким апат болған алғашқы сәт-сағаттардан бастап басы-қасында ұйымдастырып, штабта қонып жұмыс істеуде. Қала бойынша арнайы чат және сенім телефоны құрылған. Қала тұрғындарынан, мұқтаж жандардан келген ақпараттың барлығы осы мессенджерге түседі. Ақпараттық-технологиялық бағыттағы және логистикалық үйлестіру жұмыстарын еріктілердің көшбасшысы, әріптесіміз жүйелі жүргізіп отыр, – деді ол.
Сондай-ақ кеше «Екібастұзжылуэнергоның» иесі Александр Клебанов штабтың жиынына қатысты. Айта кетсек, Александр Клебанов – Қазақстандағы аса ірі дәулеті асқан 50 алпауыттың бірі. Биылғы жылдың есебі бойынша, Клебановтың байлығы – 580 млн доллар. Ол – құрамына «Павлодарэнерго» компаниясы кіретін «ЦАТЭК» АҚ-ның қожайыны. Оның зайыбы – Дарья Клебанова Қазақстанның ақпараттық кеңістігіндегі ірі магнаттардың бірі.
Бұған дейін Қызылжардағы Жылу электр станциясында үлкен апат болып, бір жұмыскер қайтыс болған еді. Ол апат та осы адамның иелігіндегі компанияда болған.
Жанарбек Әшімжанның айтуынша, журналистердің қатысуымен өткен жиында депутат Ерлан Сайыров аталған апат төңірегінде Клебановқа қаржылық, моральдық жауапкершілікке қатысты бірнеше сауал қойған.
Ол кездесуде Клебановтың ЖЭС өзінің меншігіне өткен 2007 жылдан бері бір тиын пайда көрмегенін, керісінше 17 млрд теңге шығында отырғанын, қажет болса 1 тиынға қайтадан мемлекетке өткізуге дайын екенін айтқанын жеткізді.
«Кездесуде әріптесімнің «Осыншама ауыр жағдайлар болған, сіздің иелігіңіздегі серіктестікте бір емес екінші мәрте апат болып отырған кезде ЖЭС-ті бір тиынға мемлекет меншігіне қайтарып, барлық жауапкершіліктен құтылғыңыз келе ме?» деген қосымша сұрағына «Арнайы комиссия құрылып, жағдайдың жан-жақты, егжей-тегжейлі тергеп-тексерілуіне мен де мүдделімін» деп жауап берді Александр Клебанов», – деді Жанарбек Әшімжан.