Шымкентте шағын аудан тұрғындары емхана мен интернет мәселесін шешуді талап етті
Достық шағын ауданы тұрғындары медициналық көмек үшін қала орталығына баруға мәжбүр
Шымкенттегі Достық шағын ауданы тұрғындары жиналып, интернет пен медициналық көмек алу мәселесін көтерді. Олардың айтуынша, шағын ауданға интернет жүйесі қосылмаған, тұрғындар кейде жедел жәрдем шақыра алмай әбігерге түседі.
«Достыққа» халықтың көшіп келгеніне кемі алты жыл болды. Осы күнге дейін бірде-бір байланыс жүйесі тартылмады. Үйде отырып ешкімге хабарласа алмайсың. Осынша халық бар жерге байланыс орнатып беруге қалай шамасы жетпейді? Не үйде қалған бала-шағаның жағдайын біле алмаймыз, не жедел жәрдем шақыра алмаймыз. Телефон шалсақ, бір-бірімізге дауысымыз да естілмейді. Қала деген атымыз ғана. Жағдайымыз ауылдағыдан да жаман», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Алтынай Көмешова.
Шымкенттің шетіндегі шағын ауданда көпбалалы отбасылар тұрады. Тұрғындардың айтуынша, емхананың жағдайы да сын көтермейді.
«Мен денсаулығыма байланысты тізімде тұрамын. Қан қысымым көтеріліп, жүрегім ауырады. Бірақ біздегі емханаға барып, ешқандай ем таппайсың. Оның ішінде УДЗ-дан басқа ештеңе жоқ. Тексерілуі үшін қала орталығындағы емханаларға жібереді. Ал оған кезекке тұрып, жетемін дегенше бір ай өтеді. Невропатолог, хирург, кардиолог, педиатор деген атымен жоқ. Балаларымызды екпеге шақырмайды да. Кім туып, кім өліп жатқанын да білмейді, іздемейді де», - дейді Халипа Қуанышбаева.
Тұрғындар бұл мәселені көтеріп бірнеше рет әкімдікке де барған. Алайда олар тек уәде берумен шектеліп отыр.
Мәселені 2017-2018 жылдан бері айтып келе жатырмыз. Біз жер алған кезде, емхананың орны белгіленген еді. Ол жердің барлығы сатылып кеткен. Қазір жер учаскелері түскен. Қазір оның орны жоқ, - Халипа Қуанышбаева.
Достық шағын ауданындағы емхана ғимаратын жалға алу үшін бір жыл бойы қаладағы екі компания соттасып келген. Сот шешімі шыққанша тұрғындарды басқа емханаларға жөнелтіп отырған.
«2022 жылдың наурызынан бастап осы емхана яғни, мемлекеттік ғимаратқа таласып келе жатырмыз. Сол себепті медициналық қызмет түрлері құжаттардың дұрыс болмауына байланысты ақсап тұр. Жалға алу шарты бойынша қиындықтар бар. Қиындықтар сот процесінде қаралып жатыр. 2023 жылы емхана ішінде барлығын толық іске қосамыз», - дейді «Отау мед» емханасының директоры Қайрат Жақаев.
Ал Шымкент қаласы цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Әбдірахманов шағын ауданда электр бағаналарын ретке келтіру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.