Оның қызының аты – Джу Э. Қазір ол 10 жаста
Корей Халық Демократиялық Республикасының басшысы Ким Чен Ын қызын ракета сынағы алаңына алып барып, көпшілікпен бірге суретке түсті. Бұл туралы «Белсат» хабарлады.
Солтүстік Кореяның лидері осымен екінші рет қызымен баллистикалық ракета алдында фотосуретке түсті. Олармен бірге ракета бөлімшесінің әскери қызметкерлері де болды.
Кездесуден кейін Ким Чен Ын әлемдегі ядролық әлеуеті ең күшті армия жасағысы келетінін мәлімдеді.
КХДР үкіметі Ким Чен Ын мен оның қызының құрлықаралық «Хвасон-17» баллистикалық ракетасының жанында сарбаздармен бірге тұрған суретін жариялады. Солтүстік Кореяның Орталық ақпарат агенттігі бұл қыздың Кимнің «ең сүйікті» және «қымбат» перзенті екенін атап өтті.
Ким Чен Ынның қызының аты – Джу Э. Қазір ол 10 жаста.
КХДР билігі 19 қарашада Ким мен оның қызы Джу Э екеуінің басқа іс-шара кезінде түскен суреттерін алғаш рет жариялаған еді. Суретте қыз әкесінің қолынан ұстап тұр, ал шенеуніктер оларға жаппай қол соғуда. Кимнің әйелі Ри Соль Джу екі фотосессияға да қатысқан жоқ.
Бұл, әрине, таң қалатын жайт. Құрлықаралық баллистикалық ракетаны соңғы рет ұшыруға қатыстары бар техниктер мен ғалымдарға құрмет көрсету кезінде әкесімен қатар тұрған Джу Эның болашақ ықтимал мұрагер ретінде көрсетілуі мүмкін, – деді Assosiated Press агенттігіне Карнеги қорының сарапшысы Анкит Панда.
Assosiated Press Оңтүстік Корея БАҚ-тарының деректеріне сілтеме жасай отырып, Ким Чен Ынның 2010, 2013 және 2017 жылдары туған 3 баласы бар екенін хабарлады. Балалардың үлкені ұл, қалған екеуі қыз болуы керек. Америкалық баскетболшы Деннис Родман 2013 жылы Пхеньянға барған сапары кезінде көріп, қолына алған кішкентай қыз, шамасы, осы Джу Э секілді.
АР-тің хабарлауынша, «Хвасон-17» – Солтүстік Кореяның материктегі АҚШ-қа соққы беру үшін арнайы жасалған ең алысқа ұшатын ракетасы. Бірақ ол әлі толық жетілдіріліп болған жоқ.
«Қызына осындай әлі кішкентай кезінен ракета ұшырылуы сияқты өзгеше нәрсені көрсетуі Ким Чен Ынның ядролық қаруға айрықша маңыз беріп отырғанын білдіреді», – деді Сеулдегі Ихва университетінің профессоры Эрик Исли.