Таразда қала ішіндегі 5 түрменің кесірінен тұрғындардың телефоны байланыссыз қалған
Олар жедел жәрдем мен такси де шақыра алмай дал
Тараздағы түрмелерге қойылған байланысты бұғаттайтын қондырғының кесірінен тұрғындардың да телефоны істен шыққан. Мобильді байланыс өшіп, жұрт бірнеше күн бойы интернетті пайдалана алмай қалыпты. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Байланыстың болмауы салдарынан әсіресе оқушылар үй тапсырмасын орындай алмай әуре болған. Енді тұрғындар көпке кесірі тиетін колонияларды қала сыртына көшіруді талап етіп отыр.
Нақты айтқанда, кеше 158-7 ерекше режимдегі колония маңына шоғырланған тұрғындар 4 күннен бері телефон байланысы мен WhatsApp, Facebook, Instagram әлеуметтік желілерінен ажырап қалғандарын айтып шағымданды. Олар бұл мәселеге түрме басшылығын айыптап отыр.
Ылғи 2-3 күннен өшіріп тастайды. Осы жолы ұзақ болды. Ешқандай байланыс жоқ. Мейрам күндері өшіріп тастайды. Басқа көшеде тартады, осы екі көшеде ұстамайды, - дейді Тараз қаласының тұрғыны Әбиірбек Жайнабеков.
Қаланың үш ауданында дәл осындай жағдай. Бейресми есеппен 100 мыңға жуық тұрғын байланыстан ажыраған. Олар жедел жәрдем мен такси де шақыра алмай дал.
Тұрғындардың айтуынша, байланыс түрменің есігі алдында ұстап тұр екен. Қызметкерлеріне арнайы солай істеп қойған. Жұрт біреуге маңызды қоңырау шалу керек болса, шұбырып сонда баратын көрінеді.
Ал Қылмыстық атқару жүйесі департаменті еліміздің барлық түзеу мекемелерінде осындай қондырғы орнатыла бастағанын алға тартып отыр. Тараздағы 5 түрме де осы тізімге кірген. Ал кедергілердің туындауына колонияның қала ішінде орналасуы себеп. Яғни аппараттың жұмыс істеу қуаты мекеме аумағынан асып кеткен.
Құрылғылар толық қабылданып біткен жоқ. Ертең арнайы мамандар келіп, барлық ұялы байланыс мамандарымен бірлесіп, сыртқа шығып жатқан диапазонды қысқартып, ішке тартамыз. Ол жұмыс жүргізіледі. Бұның бәрі – қазіргі заманауи аппараттар. Бәрі баптауға келтіріледі, - деді Жамбыл облысы ҚАЖД бастығының орынбасары Еркін Нұрбаев.
Департамент басшылығы жағдайды толық реттеуге бір апта уақыт жетеді деп отыр. Ал тұрғындар мұндай жағдайдың бұған дейін де жиі болғанын айтады. Сондықтан 5 түрмені де қала сыртына көшірген дұрыс деседі олар.