Halyq Uni логотип
×

Қазақстан шетелдік мамандар мен кәсіпкерлерге жеңілдетілген виза бермек

Үкімет қандастарды елте тарту үшін АҚШ тәжірибесін пайдаланады

 Дәурен Ерболат 29.11.2022 | 11:00
Қазақстан шетелдік мамандар мен кәсіпкерлерге жеңілдетілген виза бермек
коллаж: Halyq Uni

Үкімет отырысында Еңбек және халық әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова «Ашық Қазақстан 500+» көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын ұсынды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Құжат президенттің тапсырмасына сәйкес әзірленіп, Экономикалық реформалар жөніндегі жоғары кеңесте мақұлданған.

«Тұжырымдама еліміздің экономикалық дамуын кадрлық жағынан қамтамасыз етуді көздейді. Оның аясында алдағы жұмыстың басты 3 блогы айқындалды. Атап айтқанда – елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыру, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғау және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жою», – деді министр.

Оның айутынша, Қазақстанға ең тапшы мамандықтар бойынша 500 мықты маманды тарту үшін 7 бағытта жұмыс жүргізіледі.  

Бірінші бағыт – Қазақстанды өңірлік білім беру хабына айналдыруды көздейтін білім беру иммиграциясы. 

«Бұл бағыттағы жұмыс ЖОО-лардағы профессор-оқытушылар құрамын күшейтуге және білім беру сапасын арттыруға арналған. Ол үшін үздік 100 оқытушы мен сұранысқа ие технологиялар бойынша ғалымдарды Қазақстанға тарту ұсынылады. Бұл санаттағы кадрларға он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу көзделіп отыр. Соның негізінде оларға Қазақстанда тұрақты тұру үшін ықтиярхат алу, кейін азаматтық алу мүмкіндіктері қарастырылады. 

Дәл осындай мүмкіндікті тапшы мамандықтар бойынша оқитын шетелдік студенттер қатарынан магистранттар мен бакалаврларға да беру қарастырылған», - деді ол.

Екінші бағыт – бизнес-иммиграция

«Инвестиция тарту үшін әлем мемлекеттері арасындағы бәсекелестік жыл өткен сайын күшейіп келеді. Осы орайда, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мемлекеттерінің тәжірибесіне сүйеніп, инвестициялық виза берудің төменгі шегін 300 мың доллар (шамамен 140 млн теңге) дейін азайту қарастырылған.

Елімізге кемінде осындай көлемде инвестиция салған шетел кәсіпкерлері үшін «Инвесторлық виза» енгізу ұсынылады. Бұл виза Қазақстан аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік береді», – деді Тамара Дүйсенова.

Үшінші бағыт – елімізде тапшы мамандықтар бойынша үздік 100 шетелдік маманды тарту.

Негізгі мақсат –  білім трансферті және осы кәсіптер бойынша өз мамандарымызды даярлау.  Олардың Қазақстанда тұруына ықтиярхат беру мүмкіндігі қарастырылған «Бағалы дағдылар визасы» енгізіледі. Сонымен бірге «Құнды дағдылар рейтингі» жасалады. Бұл рейтингтегі тапшы кәсіп түрлері мен мамандықтар тізімі үнемі жаңартылып отырады, – деді министр.

Екіншіден, көрші елдерден келетін, оның ішінде тіркеусіз, бейресми арналар арқылы келіп жатқан еңбек мигранттарының қозғалысын есепке алуды күшейту көзделіп отыр.

Еңбек мигранттарын тарту жеке тұлғалардың нақты сұранысына сай айқындалады. Сондай-ақ мигранттардың жұмыс орнына қатаң бақылау жүргізіледі.

Төртінші бағыт – этникалық көші-қонды реттеу.

«Біріншіден, шетелде тұратын этникалық қазақтардың әлеуетін пайдалану. Осы мақсатта «Ата жолы» картасын (америкалық «Грин картаға» ұқсас) енгізу ұсынылады. Бұл құжат жоғары деңгейдегі кәсіби маман немесе өздері тұратын елдерде табысты бизнес-кейстерді іске асырған және оларды Қазақстанда жүзеге асыруға ықыласты қазақтарға беріледі.

Мұндай азаматтарға 10 жылдық жеңілдетілген виза рәсімдеп, Қазақстанда өз кәсібін жүргізуге мүмкіндік туады. Оларды тарихи отанын дамытуға қосқан үлесі үшін жыл сайынғы «Парыз» байқауы аясында Президент сыйлығымен марапаттауды ұсынамыз», – деді Тамара Дүйсенова.

Үкімет аталған көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасын бекітті.

Еске салайық, бұған дейін Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек алдағы 10 жылда Қазақстанға 250 мың шетелдік маман келеді деген болжам айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама