Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектептердің» 8 ерекшелігін атады
2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушы орнын салуға 2,6 трлн теңге қарастырылған
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының негізгі ерекшеліктері туралы айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін Үкімет отырысында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының жүзеге асырылуы талқыланды. Оқу-ағарту министрінің айтуынша, бұл жоба мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген. Сондай-ақ ведомство басшысы бұл пилоттық жоба – маңыздылығы мен ауқымдылығы бойынша бұрын-соңды болмаған, ерекше шара екендігін атап өтті.
Нақты айтқанда, жоба көп жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептер мен оқушы орындарының тапшылығын жоюға бағытталған. Жобаны тиімді іске асыру үшін жан-жақты талдау жасалды. Тек соңғы 10 жылдың ішінде оқушы саны 1 миллионға өсіп, бүгінде 3,7 миллионға жетіп қалды. Бұл – тарихта болмаған рекордтық көрсеткіш. Осыған байланысты мектептерге үлкен жүктеме түсіп отыр, – деді министр.
Бұған қоса, Асхат Аймағамбетов бұл проблемаға әсер етіп отырған 5 факторды атады. Олар – урбанизация, миграция, туу көрсеткіші, мектеп ғимараттарының тозуы және мегаполистерде тұрғын үйлердің тығыз салынуы. Бұл факторлар жобада толығымен ескерілген.
Осы мәселелерді шешу үшін 2023-2025 жылдар аралығында 842 мың оқушы орнын салуға 2,6 трлн теңге қарастырылыпты. Сондай-ақ ұлттық жобаның шеңберінде 60 мыңға жуық уақытша (құрылыс кезеңіне) және 40 мың тұрақты жұмыс орны (пайдалануға берілгеннен кейін) ашылады.
Жобада мектептерді іске қосудың 3 нақты тетігі ұсынылған:
1) мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде мектептер салу;
2) мектеп ғимаратын жайлы мектептің талаптарына сәйкес келген жағдайда тауар ретінде сатып алу;
3) Бірыңғай оператор арқылы мектептердің нысаналы құрылысы.
Жобаны әзірлеу барысында осыған дейін мектептерді салу кезінде болған проблемалар ескерілді. Олар – салынған мектептерде пән кабинеттерінің және қажетті оқу-жабдықтарының жеткілікті болмауы, конкурстық рәсімдердің ұзақтығы, құрылыс мерзімінің созылуы, мектеп жобаларының бірыңғай стандартының болмауы, т.б.
Жоғарыда атап өткен бірыңғай операторды тарту да осы мәселелерді шешуге бағытталған. Яғни бұл механизм бірыңғай стандартқа сәйкес құрылыс жүргізу, сатып алу процесін және жылдамдығын арттыруға, сапаны қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Қазіргі салынатын мектептердің ерекшелігі ауылда да, қалада да бірдей жоғары стандарт бойынша салынады.
Министр жайлы мектептердің төмендегідей ерекшеліктерін атап өтті:
Бірінші, бастауыш және жоғары сынып оқушылары мектеп ғимаратының жекелеген блоктарында оқиды. Сәйкесінше, олардың өз оқу кабинеттері, әжетханалары, спортзалдары болады.
Екінші, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Бейнебақылау, дыбыстық дабыл сияқты қауіпсіздік нысандары орнатылады.
Үшінші, оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдарын, ауыстыратын киімдерін сақтайтын жеке шкафтар, кітап оқуына, демалуына, шығармашылық әлеуетін дамытуға тиісті жағдайлар қарастырылған.
Төртінші, мектеп ең заманауи физика, химия, биология, робототехника сияқты кабинеттермен қамтамасыз етіледі. Әр кабинетке тиісті экрандар орнатылып, мектептің кез келген жерінен жоғары жылдамдықты интернетке қосылу мүмкіндігі беріледі.
Бесінші, арнайы білімді қажет ететін балалар үшін қажетті жағдай жасалады.
Алтыншы, спортзал мәселесі. Мысалы, қазіргі күні 1 200 оқушыға арналған мектепте көбіне бір спортзал ғана қарастырылған. Онда таңертеңгі 8.00-ден кешке дейін бір уақытта 4-5 сынып үшін дене шынықтыру сабағы өтеді. Ал жайлы мектептерде балалардың жас ерекшелігіне байланысты бірнеше спортзал қарастырылған.
Жетінші, жаңа мектептерде мұғалімдерге де барлық жағдай жасалады. Мұғалімдердің кабинеттері, кәсіби зоналар, қосымша білім беруге арналған немесе жиын өткізу залдары, әр қабинетте интернетке қосылған жеке компьютерлері болады.
Сегізінші, жайлы мектептер community орталығының рөлін атқарады. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты. Оған қоса, мектептер балаларды еңбекке баулу үшін ресурстық орталық қызметін атқарады.