БҚО-да ит атқан шенеуніктің әрекеті тәртіптік комиссия отырысында қаралмақ
Шенеунік винтовканы таныстарынан алғанын айтты
Батыс Қазақстан облысында ит атқан ауыл әкімі видеоға түсіп қалды. Оқиға 2 наурызда Тасқала ауданы Достық ауылдық округінде болған.
Достық ауылының әкімі Хафиз Ахметов Орал-Саратов бағытындағы тасжолда орналасқан жанармай құю бекеттерінің бірінде иттерге оқ атқан адамның өзі екенін растады. Бірақ ауыл әкімі қолында атыс емес, пневматикалық қару екенін айтады. Ол иттерді ұйықтатып, чип қою үшін ветеринарлық станцияға апармақ болған.
Ақыл-есі бар адам жанармай бекетінде атыс қаруын қолданбайды ғой. Ешкім иттерді өлтіргісі келмеді. Оларға оқ тиген жоқ, әлі де сол бекеттің маңында жүр. Біз бекет қызметкерлерінен иттерді чиптеп, стерильдеуін бірнеше рет сұрадық. Өйткені тұрғындардан шағым түсіп жатыр. Бірақ қызметкерлер біздің өтінішімізді елемейді, - деп түсіндірді ауыл әкімі.
Шенеунік винтовканы таныстарынан алғанын атап өтті.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі ит атқан ер адамның іс-әрекетінде әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық белгілері жоғын айтты. Алайда, бұл жерде мәселе ауылдық округ әкіміне қатысты болғандықтан, материал тәртіптік комиссия отырысында қарау үшін Тасқала ауданы әкімдігіне жіберілген.
Ауыл әкімінің әкіміне құқықтық баға комиссия қорытындысына сәйкес беріліп, тиісті тәртіптік шара қолданылмақ.