Сиқыр жасау – адамның өзі үшін өте қауіпті
Қазір қыздардың көбі жігітті өзіне қарату үшін қара магияға жүгінуді жиілеткен. Бақсы-балгерлердің сұрағанын беріп, сүйгенін уыста ұстағанды жөн көретін болып алған. Арасында көріпкел жағалап жүріп, өзгенің айрандай ұйыған отбасын ойран ететіндер де көп екен.
Психотерапевт Лаура Жексембаева адамдар көріпкелдің алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айырылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын алға тартып отыр. Осылайша олар басына түскен проблемаларды жеңілдететін көрінеді.
Адам тіректі сырттан іздей бастайды. Яғни, қандай да бір бақсы оған «мен сенің мәселеңді шешіп беремін, көмектесемін» деп үміт сыйлайтын болса, ол адам тез монипуляцияға ұшырап, оның айтқанының барлығын істеуге көндігеді, - деді ол, «Астана» телеарнасының тілшісіне берген жауабында.
Ал дін өкілдері ашылмай жүрген бағыңызды «ашып», болашақ жарыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», сүйгеніңізді құрыққа түсіремін дегендерден аулақ болуға шақырады. Себебі сиқыр жасау – адамның өзі үшін өте қауіпті.
Сиқырлау бар екендігі жайлы «Фәлақ» сүресінде де айтылған. Алла тағаладан «Алла, түйіндерге түйін жасап, адамдарға бір сиқыр жасайтындардың сиқырынан мені сақтай гөр» деген мағына. Сондықтан осы «Фәлақ» сүресін және «Нас» сүресін оқып, сиқырлардан арылуға болады, - дейді Әзірет сұлтан мешітінің наиб имамы Әділхан Серікбай.
Бақсы-балгерлерге сеніп, сан соғып қалып жатқан қыздар көп болғанмен, елімізде әзірге оларды алдайтындарға жаза қолданатын заң болмай тұр.