Жылыту маусымы басталғалы 26 ақау шықты: жылу және су желілерінің жартысынан көбі тозған
Соңғы жеті жылда 344 млрд теңге бөлінді
Елдегі жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозу деңгейінің орташа көрсеткіші 53%, деп хабарлайды Halyq Uni.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, бұл соңғы бес жылдағы жөнделгені, соңғы 7 жылда олардың тозу деңгейінің жалпы көрсеткіші 13% төмендеген.
ТЖМ республикалық дағдарыс орталығы және жергілікті атқарушы органдардың мәліметтері бойынша, 2022-2023 жылдарындағы жылыту маусымы басталғалы бері еліміз бойынша 26 рет технологиялық ақау шыққан, оның ішінде:
- автономды қазандықтарда – 2 (Ақмола және Алматы облыстарында);
- жылумен жабдықтау желілерінде – 11 (Жетісу – 1, Қарағанды – 7, Павлодар – 1, Астана-1, Алматы-1);
- сумен жабдықтау желілерінде – 13 (Абай – 1, Ақмола – 2, Алматы – 1, ШҚО – 1, БҚО – 1, Қарағанды – 1, Павлодар – 1, СҚО – 2, Ұлытау – 1, Астана-2).
2015-2022 жылдар аралығында әр түрлі қаржыландыру көздерінен жылу жүйелерінің құрылысы, реконструкциялау және жаңғырту жұмыстарына 344 млрд теңге бөлінген. Нәтижесінде 3 667 км инженерлік желі салынып, жаңартылған. Осылайша, жалпы тозу деңгейі 65%-дан 53%-ға дейін төмендеді.
2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 51%-ға дейін төмендету жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамыту тұжырымдамасы аясында 2026 жылға қарай жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуының жалпы көрсеткішін 45%-ға дейін азайту көзделіп отыр.