Атырауда дамыту орталығының қызметкері аутизмге шалдыққан баланы ұрып-соққан
Мұндай жеке орталықтардың жұмысын ешбір мемлекеттік органның қадағаланбайтыны белгілі болды
Атырауда жеке орталықтың қызметкері аутизмге шалдыққан баланы ұрып, орындықтан жұлқып құлатқан. Оның видеосы әлеуметтік желіде тарады. Осыдан кейін ғимараттағы камераның бейнежазбасын қараған ата-аналар мен орталық басшылығы тағы бірнеше келеңсіз жағдайды анықтаған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Ақтау қаласының тұрғыны Екатерина Коршунова баласын сол орталыққа беру үшін Атырауға арнайы келген. Үш жастағы ұлын дәрігердің кеңесімен кешенді емдеу-сауықтыру орталықтарына апарып жүр екен. Жақында орталықтағы бір қызметкер ұлының денесінің көгергенін әлеуметтік желіге жариялаған бойда, жанұшыра бақылау бейнежазбаны көруге барыпты.
Егер орталықтағы бірге істейтін қызметкердің баласының денесін көгертіп қойса, менің баламды не істеді деген ой келді. Осында келіп, тек соңғы бір айдың ғана видеосын көре алдым. Тамыз, қыркүйек, қазандағы бейнебақылау жазбаларын көре алмадым, кетіп қалған. Сондықтан ол мезгілде не істегенін білмеймін. Бізге апта соңында есеп ретінде видео жіберіп тұрады. Соның бірінде менің баламның бұған дейін жылағаны көрініп тұрды. Көзінде қорқыныш болды. Мен сұраған кезде «балаңыз жұмыс істегісі келмеді» деген жауап алған соң, мән бермедім. Балам сөйлей алмайды, ыммен де түсіндіре алмайды, - дейді Екатерина Коршунова.
Айта кетсек, бұл дамыту орталығы былтыр ғана ашылған. Бейнежазбадағы АВА терапиясы маманы биыл тамыз айында жұмысқа тұрыпты. Орталық басшысы дәл осы қызметкер өзге орталықта жұмыс істеп жүрген кезінде өзінің аутизм диагнозы қойылған баласын апарғанын айтады. Сондықтан одан мұндай оқыс әрекетті күтпеген. Бейнежазбадан анықталған бойда бірден полицияға арызданған.
Оның баланы ұрғанын бұған дейін көрген жоқпыз. Жұмысқа кірерде бұрын сотталмағандығы жөнінде психдиспансерден анықтамалар алып келді. Бір адамның әрекеті үшін орталықтың жұмысын жоққа шығаруға болмайды. Бұған дейін бірде-бір ата-ана шағымданып көрген жоқ. Мен өзім аутист баланың анасы болғандықтан болашақта ондай жағдайдың қайталанғанын қаламаймын. Мен ата-аналардан кешірім сұраймын. Біз бір айлық жазбаны қарап отырып, үш жағдайды анықтадық, - дейді дамыту орталығының басшысы Жанар Садықова.
Видеодағы 25 жастағы АВА терапевт маманның да өз уәжі бар. Баланың денесін көгерткен мен емес дейді ол. Ал маман ретінде дамуында тежеуі бар балалар көнбей, қарсыласқан кезде осылай жөнге салуды алғаш қызмет еткен орталықтан үйренгенін айтты.
Видеодағы әрекетті жасайтын терапевт жалғыз мен емес. Неге басшылық өзге мамандардың бейнекамерасын қарамайды? Әлеуметтік желіге салған орталық қызметкері түзетудің барлық әдістерінен хабардар. Өйткені оның баласы көнбей, төбелесті. Осының бәрін өз көзімен көрді. Бұған дейін оған еш мән бермей келді. Менің ойымша, ол мені жақтырмағандықтан осылай істеп отыр. Оның үстіне маған бала көнбей, қарсылық танытып, төбелескен жағдайда қайтарым ретінде қағып қалуға рұқсат берілді, - дейді ол.
Қазір оқиғаға қатысты тергеу басталды.
Аталған фактіге қатысты қазір жәбірленуші балаға сот-медициналық сараптамасы тағайындалды. Сондай-ақ тәрбиешіледен, куәгерлерден және тәрбиенеуші баланың заңды өкілерінен жауаптар алынып жатыр. Қылмыстық Кодекстің 140-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілуде, - деді Атырау облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Бір қызығы, өңірде мұндай жеке орталықтардың жұмысын ешбір мемлекеттік органның қадағаланбайтыны белгілі болды. Білім басқармасы да, денсаулық сақтау басқармасы да тежеуі бар балаларды дамытуға арналған жеке балабақшаның жұмысына араласпайтын көрінеді.