ИИДМ мен тұрғын үй компаниясы монополияға қарсы заңнаманы бұзған

Динара Амантай

Компанияға бұл монополияға қарсы әрекетін жою үшін бір ай уақыт берілді

Фото: golos-naroda.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-на монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілері бар деген хабарламалар жіберілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ құрылыс компанияларының кепілдік беру туралы өтінімдерін қарау рәсімдерін негізсіз тоқтатып, кейінге қалдырып келгенін анықтады.

Айта кетсек, аталған компания тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру тетігінің тұрақты және тиімді жұмысын қамтамасыз ету үшін тұрғын үй құрылысының бірыңғай операторы міндетін атқарады. Бірыңғай оператор кепілді жағдай туындаған кезде үлескерлердің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға да жауапты. Сондай-ақ құрылыс компаниялары үшін үлескерлердің қаражатын тартудың ең тиімді тәсілі «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ-ның кепілдігін алу болып табылады. Бұл олар үшін аса маңызды.

«Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңға сәйкес, Қазақстанда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуды ұйымдастырудың үш заңды тәсілі бар: «Қазақстандық тұрғын үй компаниясы» АҚ кепілдігін алу; екінші деңгейдегі банктің жобасына қатысу; құрылыс салушының өз қаражаты есебінен тұрғын үй ғимаратының қаңқасын тұрғызғаннан кейін ЖАО рұқсатын алу.

Бұдан басқа, «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» АҚ инжинирингтік қызметтер көрсететін белгілі бір компаниялармен шарттар жасасуды міндеттеген. Қазір компанияға бұл монополияға қарсы әрекетін жою үшін бір ай уақыт берілді.

Бұған қоса, ИИДМ-ге «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңда көзделмеген артық талаптарды жою арқылы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу саласындағы ережелерге өзгерістер енгізу туралы нұсқау берілді.