Жылу-электр орталығындағы апат бір жылда екінші рет қайталанып отыр
Клебановтың байлығы 270 млрд теңгеге бағаланған
Павлодар облысындағы Екібастұз жылу-электр орталығында бір жылда екінші мәрте апатты жағдай болып жатыр.
ҚазТАГ агенттігінің хабарлауынша, кәсіпорын олигарх Александр Клебановтың қарамағында.
«Екібастұзжылуэнергия» ЖШС – Екібастұз жылу-электр орталығының еншілес кәсіпорны. Оның құрылымы Клебанов басқаратын «ЦАТЭК» акционерлік қоғамының құрамына кіреді.
Екібастұзда жылға жетпейтін уақыттың ішінде мұндай апат екінші дүркін қайталанып отыр. Мұның алдында, 20 наурызда Петропавлдағы жылу-электр орталығында да үш турбаның бірі құлап түскен еді. Құлаған құрылыстың астында бір адам қаза тапты. Апатқа Клебановқа бағыныстағы адамдардың кінәлары бар екені анықталды, – делінген материалда.
Александр Клебанов – елдегі ең бақуатты адамдардың бірі. Ол Қазақстанның аса бай 50 бизнесменінің қатарына кіреді. 2022 жылдың көктемінде оның байлығы 580 млн долларға бағаланды. Мұны теңгеге шаққанда, 270 млрд теңге болып шығады. Олигарх Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болат Назарбаевтың сенімді өкілі көрінеді.
Еске сала кетсек, 27 қарашада түнде жылу-электр орталығындағы жылу қазандықтарының бірі істен шыққан Екібастұз қаласы -30 градустық аязда жылусыз қалған еді.