Астанада заңсыз митинг ұйымдастырған Марат Әбиев 30 тәулікке қамалды
Үкімге қарсы шағым түсіруге болады
Астананың құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәсіпкер Марат Әбиевті 30 тәулікке жапты. Бұл туралы stan.kz хабарлады.
Ол бейбіт жиындарды ұйымдастыру, өткізу тәртібін бұзғаны және полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін кінәлі деп танылған.
Еске сала кетсек, Астанада 26 қараша күні кешке стационарлық және мобильді интернет бір сағат бойы істемей қалған еді. Байланыс қалпына келген кезде дәл сол уақытта қалада өздерін «Болашақ сәулетшілері» деп атаған белсенділер тобының ұсталғаны белгілі болды. Оларды Қорғалжын тас жолының бойымен кәсіпкер Марат Әбиев бастап жүрген.
Кейін полиция Астанадағы митингке 300-ге жуық адам қатысып, тәртіп сақшыларына қарсылық көрсеткені туралы ақпарат таратты.
Бүгін «Сот кабинеті» сервисінде екі қаулы шықты. Соттың бірінші ұйғарымында Марат Әбиевтің «ел басшылығының назарын ауыл шаруашылығын дамыту жобасын тезірек қарауға аудару үшін» бейбіт митинг ұйымдастыруға шешім қабылдағаны жазылған.
Сондай-ақ сот құқық қорғау органдары қызметкерлерінің бірнеше мәрте ескерткен талабына қарамастан, Марат Әбиевтің бір топ адаммен қоғамдық орында рұқсат етілмеген шеруге қатысуды тоқтатудан бас тартып, полиция қызметкерлерінің талабына жауап бермегенін алға тартып отыр. Осылайша, ол Астана қалалық полиция департаменті қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін орындауына байланысты заңды талабына бағынбаған, сондай-ақ олардың заңды қызметіне кедергі жасаған.
Сот Әбиевті бейбіт жиындарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзғаны және полиция қызметкерлеріне бағынбағаны үшін кінәлі деп тауып, сол әрбір қылмысы үшін 15 тәуліктен қамауға алу жазасын тағайындаған. Үкімге қарсы шағым түсіруге болады.