Полицияның хабарлауынша, ер адам суицид жасаған
Орал қаласында ақтөбелік блогердің мәйіті табылды. Полиция ер адамның өз-өзіне қол салған болуы мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Блогер, Ақтөбе КВН командасының бұрынғы капитаны Мұрат Бірмағамбетов әлеуметтік желілерде Марс Откатович және Мура Мариарчи деген атпен танымал.
Оның хабар-ошарсыз кеткені 19 қарашада белгілі болды. Содан кейін блогерді іздеу жұмыстары басталды. Мұрат Бірмағамбетов үйінен шыққаннан кейін қайта оралмаған.
Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, ер адамның мәйіті 28 қараша сағат 10:40-та «Жеңіс» шағын ауданынан табылды.
Бұған дейін ер адамның мәйіті табылғаны хабарланды. Алайда оқиғаның мән-жайы айтылмады.
Полицияның хабарлауынша, ол 7-қабаттағы пәтердің балконынан секіріп өз-өзіне қол жұмсаған.
Оқиға орнынан өлім алдында жазған хаты табылған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстінің 105-бабы 1-бөлігі («өзiн-өзi өлтiруге дейiн жеткiзу») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Нұрлыбек Рахманов, Батыс Қазақстан облысы