Бурабай ауданының әкімі Щучинск көшелеріне қазақ батырларының есімін беруді құптамады
Әкімдік өкілі желіде тараған видеоға түсінік берді
Әлеуметтік желіде Бурабай ауданы әкімі Әсет Мұздыбаевтың Щучинск қаласының көшелеріне қазақ батырларының есімін беруге қарсы болғаны жайлы видео тарады.
«Ономастикалық комиссияның оң шешіміне қарамастан бұл талқылау болмайды. Қазір көтеретін мәселе емес. Егер көше атын өзгертсек, ол жерге асфальт төселіп, жарық салына ма?», - деп мәлімдеген аудан әкімі.
Нақтырақ айтқанда, аудан басшысы Әсет Мұздыбаев Щучинск қаласындағы үш көшенің атауын ауыстыруға қатысты жергілікті белсенділердің ұсынысын қабылдамаған. Жергілікті ономастикалық комиссияға жетекшілік ететін Щучинск қаласының әкімі Ерлан Қаппасов бұған дейін жиын өткізіп, ескі көше атауларының орнына (Едомская, Коммунистическая және Трудовая көшелері) Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев және Талғат Бигелдинов секілді тарихи тұлғалардың есімін беру туралы ұсыныс енгізген.
Осы мәселеге байланысты Halyq Uni тілшісі Бурабай ауданы әкімі Әсет Мұздыбайдың өзімен хабарласпақ болды. Бірақ әкімдіктің баспасөз қызметі аудан басшысының жұмыс барысы бойынша сыртта жүргенін айтып, кейін хабарласуды өтінді.
Ал, Бурабай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дина Қасымбаева желіде тараған видео мәселені талқылау барысында түсірілгенін растап, көше атауларына қатысты ономастикалық комиссия шешімі қайта қаралатынын айтты.
Бөлім басшысы аудан әкімі Әсет Мұздыбаевтың қоғамдық талқылау кезінде ойын дұрыс жеткізбегенін, Щучинск көшелеріне қазақ батырларының есімін беруге қарсылығы жоғын айтты.
2017 жылдан бері 74 көшенің атын өзгерттік. Кедергі жоқ. Бұл жұмыс ары қарай жалғасын табады, - деді аудандық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы.