Halyq Uni логотип
×

Тоғыз айда 20 мыңнан аса адам Қазақстаннан көшіп кетті

Қазақстанға 11 мың адам келген, оның басым бөлігі Маңғыстау облысына қоныстанған

 Халық үні 28.11.2022 | 13:07
Тоғыз айда 20 мыңнан аса адам Қазақстаннан көшіп кетті
Фото: Тимур Батыршин

2022 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында елімізге 11 мың адам келген. Бұл бір жыл бұрынғы кезеңмен салыстырғанда 51,7 пайызға артық, деп хабарлады Ranking.kz.

Сондай-ақ Қазақстаннан 20,3 мың адам кеткен. Бұл 2021 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы көрсеткішпен салыстырғанда 19,7 пайызға аз.

Қазақстанға келгендердің басым бөлігі Маңғыстау облысына тұрақтаған (2,4 мың адам). Кейінгі орында Алматы қаласы (2,1 мың адам) және Алматы облысы тұр (1,4 мың адам).

Елге келгендердің ішінде ең аз адам Қызылорда облысына қоныстанған. Жыл басынан бері бұл өңірге небәрі 12 адам тұрақтаған. Былтырғы көрсеткіш – 7 адам.

Қазақстаннан кеткендердің тізімінде Қарағанды облысы (2,5 мың адам) көш бастап тұр. Кейінгі орында Қостанай облысы (2,4 мың адам), Павлодар облысы (2,3 мың адам).

Ең аз адам кеткен өңір – Қызылорда облысы. Жыл басынан бері 42 адам кеткен.

Биыл Қазақстанға келген 15 жастан асқандардың ішінде 989 техникалық, 516 экономикалық, 351 педагогикалық, 219 медициналық, 130 заңгерлік, 106 сәулет-құрылыс, 70 ауыл шаруашылығы маманы бар.

Елден кеткен 15 жастан асқандардың ішінде 3,5 мың адамның техникалық, 1,6 мың адамның экономикалық, мың адамның педагогикалық, 542 адамның медициналық, 378 адамның заңгерлік, 218 адамның сәулет-құрылыс өнері, 159 адамның ауыл шаруашылығы саласының маманы бар.

Биыл елімізге келгендердің басым бөлігі Өзбекстаннан қоныс аударды (4,8 мың адам). Мамандардың айтуынша, бұл бір жыл бұрынғы көрсеткішпен салыстырғанда 88,8 пайызға артық. Екінші және үшінші орында Ресей мен Түркіменстан тұр. Бестікке Қырғызстан мен Қытай да кіреді.

Қазақстаннан Ресейге кеткендер саны да көп. Тоғыз айда 16,6 мың адам елден кеткен. Алайда бұл көрсеткіш былтырғымен салыстырғанда 21,4 пайызға аз. Кейінгі орында Германия, АҚШ, Польша және Өзбекстан тұр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама