Биыл қанша этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды

Қымбат Елтайқызы

1991 жылдан бері елімізге 1 млн 89,7 мың этникалық қазақ оралыпты

фото: Halyq Uni

2022 жылдың басынан бері 1,8 мыңнан астам этникалық қазақ «қандас» мәртебесін алды.

2022 жылғы 1 наурыздағы жағдайы бойынша, 1 863 этникалық қазақ тарихи отанымен табысып, «қандас» мәртебесін алды. Жалпы, 1991 жылдан бері республикаға 1 миллион 89,7 мың этникалық қазақ оралды, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.

Жыл басынан Қазақстанға келген қандастардың жартысынан көбі Өзбекстаннан (68,2%), Қытайдан (14%), Түрікменстаннан (6,3%), Моңғолиядан (2,3%) әрі басқа елдерден (9,5%).

«Келген этникалық қазақтар негізінен Алматы (31,6%), Маңғыстау (14,8%), Түркістан (12,4%), Жамбыл (6,3%) облыстарына, Алматы (7,1%), Нұр-Сұлтан (6,3%), Шымкент (7,9%) қалаларына қоныстанды», – делінген ақпаратта.

Биылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 62,3%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 22,7%-ды, зейнеткерлер 15%-ды құрайды.

«Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңейі бойынша 11%-ы жоғары білімді, 38,9%-ы орта кәсіби білімді, 48,5%-ы жалпы орта білімді, 1,5%-ының білімі жоқ», – дейді ведомство.