Тағы 4 адам ауруханаға жеткізілді
Алматы облысында жол апаты салдарынан 4 адам қаза тапты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
23 қарашада сағат 15:00 шамасында «Алматы-Кеген-ТЮП» тасжолында Toyota көлігінің 50 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Mitsubishi көлігімен соқтығысқан. Салдарынан Toyota көлігінің жүргізушісі мен оның 3 жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.
Сонымен бірге, Mitsubishi көлігіндегі 4 азамат түрлі дене жарақатымен Есік қаласының орталық аудандық ауруханасына жеткізілді.
Еңбекшіқазақ ауданы ТЖД ЖПБ-де Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі («Автокөлікті басқаратын адамның абайсызда екі және одан да көп адамның өліміне әкеп соқтырған жол қозғалысы ережелерін бұзуы») бойынша жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізу Алматы облысы бойынша анықтау департаменті анықтау басқармасының тергеушілеріне жүктелді. Қылмыстық істің тергелу барысы мен нәтижелері облыстық полиция департаментінің бақылауына алынды.