Halyq Uni логотип
×

Қарағанды облысында мектептердің көбі директорсыз қалған

Қарамағындағылардың жалақысы көп болған соң, олар әкімшілік жұмысты тастап, мұғалімдікке ауысып кетіп жатыр

 Еркеғали Болатұлы 25.11.2022 | 12:30
Қарағанды облысында мектептердің көбі директорсыз қалған
фото: ашық дереккөз

Қарағанды облысының Саран қаласындағы мектептердің тең жартысы директорсыз қалды. Қала мен оған қарасты Ақтас кентіндегі білім ошақтарында директор міндетін орынбасары атқарып жүр. Ақыры білім сапасы құлдырап, тәрбие жұмысы жайына қалды дейді тұрғындар.

Мұндай мәселенің барын білім басқарамасы да жасырмайды. Себебі директордың айлығы аз болғандықтан, бұл лауазымға қызығатындар да көп емес дейді шенеуніктер.

Сарандағы №1 меткеп-лицейінде ата-аналар жоспардан тыс жиналыс ұйымдастырды. Олар мектепке директор тағайындауды талап етеді. Өйткені ондағы басшы кабинеті соңғы бір жылдан бері бос тұр. Соның салдарынан оқушылар бетімен кеткен.

Сарандағы ең мықты мектеп біздікі болатын. Тіпті балаларды көршілес Шахтинск қаласынан әкелетін. Қызым 4-сыныпқа дейін үздік оқушылар қатарында еді. Қазір жылдан-жылға үлгерімі төмендеп бара жатыр. Менің ойымша, басшы болмаған жерде бақылау мен тәртіп болмайды. Білім сапасы төмендеп бара жатқанына бәріміз алаңдаймыз, - деді КТК телеарнасына жауап берген Саран қаласының тұрғыны Валентина Степанова.

Алайда жергілікті білім басқармасындағылар бұл уәжбен келіспейді. Айтуларынша, директор жетіспеушілігі өңірге таңсық емес. Сарандағы 8 мектептің 4-еуінде басшы жоқ. Себебі басшы болуға құлықтылар тестілеуден өте алмайды. Ал біліктілігі бары жалақысын азсынады. Дегенмен қазіргі директордың міндетін атқарушылар білім мен тәрбие ісін «уыстан шығарып» алмаған.

Мұғалімдердің жалақысы директор мен оның орынбасарларымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Ал басшылық қызметтің жауапкершілігі үлкен. Қарамағындағылардың жалақысы көп болған соң, әкімшілік жұмысты тастап, мұғалімдікке ауысады, - дейді облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Бақытгүл Әдекенова.

Қазір басқармада мектеп директорына арналған тест сұрақтары өзгертіліп жатыр екен. Өйткені жалақы өсіргісі келетін директор біліктілігін арттыруы керек. Бірақ тестілеуден көбі сүрінеді. Сондықтан сұрақтарды сүзгіден өткізіп, олардың қосымша сабақ бергеніне төленетін ақыны көбейту жүйесі енгізіліп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама