Баспана кезегінде 88 ардагер тұр: Сенатор толық емес отбасыларға 2%-тік ипотеканы қайтаруды ұсынды

Дәурен Ерболат

Ардагерлердің жасы 100-ге жақындаған

көрнекі фото: 24.kz

Сенат депутаты Серік Шайдаров елімізде баспана кезегінде тұрған 88 ардагер бар екенін айтты. Жеңілдікпен пәтер алу үшін ажырасқан отбасылар да бар.

«Жақында толық емес отбасыларды «Бақытты отбасы» бағдарламасынан шығаруға қатысты қоғамдық резонанс туындады. Мұндай шешім бірнеше себептерге байланысты қабылданды», - деді депутат Сенаттағы Үкімет сағатында.

Оның айтуынша, ең бастысы олардың арасында (Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің пікірінше) мемлекеттен қолдау алу үшін 2019-2020 жылдары жалған ажырасу 2 есе өскен (2019 жылы – 27,4 мың, 2020 жылы – 59,8 мың ажырасу).

«Мұнда шындық та бар шығар. Бүгінде 148 мыңнан астам толық емес отбасы баспанаға мұқтаж екенін түсіну керек. Оның 60%-ының табысы күнкөріс деңгейінен төмен. Мұндай отбасылардың көпшілігі үшін жылдық 5% несиелік тұрғын үй алу өте ауыр болады. Сондықтан, уәкілетті мемлекеттік органдар бұл мәселені жан-жақты зерделеп, толық емес отбасылар үшін жылдық пайызы 2%-мен тұрғын үй алу тетігін, оның ішінде халықтың осы санатын тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі қолданыстағы бағдарламаларға өзгерістер енгізуді айқындауы қажет деп санаймын», - деді Серік Шайдаров.

Оған қоса, депутат баспана кезегінде тұрған ардагерлер жайында да тоқталды,

Бүгінде тұрғын үй кезегінде Ұлы Отан соғысының 88 ардагері тұр. Алайда 2015 жылы барлық ардагер баспана алды деп хабарланған. Көптеген ардагердің жасы 100-ге жақындады. Жедел шаралар қабылдамай, олардың көпшілігі үшін баспана алу орындалмас арман болып қала береді, - деді депутат.