×

Тараздық келіншек өзінің «әйел» екенін дәлелдей алмай жүр

ХҚҚО басшысы Нұрзаттың құжатын бір апта көлемінде реттеп беруге уәде етті

 Ұлдана Жұбай 03.03.2022 | 17:48
фото: Halyq Uni

22 жастағы тараздық Нұрзат Қалдыбаева құжаттағы аты-жөні «Қалдыбаев Нұрзат Талғатұлы» деп жазылғанына күйінеді. Айы-күні жетіп отырған келіншек жеке құжатында жынысы «еркек» деп жазылған тұсын төрт жылдан бері өзгерте алмай әуре. Құжатта қате кеткен мәліметті түзету үшін талай мекеменің табалдырығын тоздырған. Бірақ еш нәтиже жоқ.

2000 жылы дүниеге келген тұрғынның туу туралы куәлігінде «ұл» деп жазылған. Ол оны тек 2018 жылы білген. Жынысына қатысты кеткен қателікті жөндеу үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Олар АХАЖ бөліміне, ондағылар сол жылдары жұмыс істеген перзентханаға бағыттаған. Ал, ол мекеме бұрын жабылып қалғандықтан мұрағатқа жіберіпті. Тараз тұрғыны төрт жыл уақытын осы мекемелердің арасында «өткізген».

«Құжат жүзінде «ұл» екенімді осыдан төрт жыл бұрын білдім. Оған дейін мектеп, колледждің бәрін «қыз» деп бітіргенмін. Құжатымды түзету үшін бармаған жерім жоқ. Әкімдікке дейін шықтым. Алайда, мәселемнің шешімін таппадым», - дейді Нұрзат Қалдыбаева.

Нұрзат Қалдыбаева жынысына қатысты жіберілген қателік бойынша талай кедергіге тап болған. Тіпті, құжат түзейтін мекеме мамандары «жынысыңды ауыстырған шығарсың» деп көмек көрсетуден бас тартқан.

Жүкті келіншек сәбиін дүниеге әкелгенше жынысына қатысты жіберілген қателікті түзетсем деп үміттенеді. Жоспар бойынша Нұрзат Қалдыбаева үш айдан кейін босанады. Алайда, ол бала күтімінен қол босамайтынын ескеріп, құжат мәселесі алдынан қайта шыға ма деп қауіптенеді.

Ал, Нұрзаттың күйеуі жарының жынысы құжат бойынша «еркек» екенін үйленгеннен кейін бір-ақ білген.

Бұл жайтты үйленген соң бір ай өткенде білдім. Бармаған жеріміз жоқ. Бірақ өзгерте алмадық, - дейді оның жолдасы Жұмабай Бақдәулет.

Ал, Тараз қаласындағы Халыққа қызмет көрсету бөлімі бұл жағдайға бірінші рет тап болғанын айтып, құжаттағы қатені түзеп беруге уәде етті.

«Құжат бойынша түрлі қателік кетіп жатады. Көбіне әріптен қате кетеді. «Ә» әрпін «А»-ға ауысып кетеді, «Ұ» әрпі «Ү» болып кетеді деген сияқты. Оның бәрін өзгертіп, жөндеп беріп жатырмыз. Ал, «қызды» «ер» қып өзгерту жағдайына бірінші рет тап болып отырмыз. Ең бастысы, бұл мәселе заң шеңберінде шешіледі. Бәрін істеп береміз», - дейді Тараз қалалық №1 Халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Шалқар Елемес.

Жауапты қызметкерлер құжаттағы «олқылықты» бір апта көлемінде түзеп беруге уәде етті. Нұрзат алда келе жатқан 8 наурыз мерекесін толыққанды «әйел» ретінде қарсы алуы әбден мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама