Құсбегілік федерациясы Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының құрамына кірді

Халық үні

Биыл республикада құсбегілікке қатысты жеті спорт шарасы өтікізілген

Фото: Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен құсбегілік федерациясы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Шараға Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, Құсбегілік федерациясының президенті Берік Уәли, Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы ұлттық және ат түрлері орталығының директоры Бақдаулет Сәбитов қатысты.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл шараның маңызын атап өтті.

Ата-бабадан мирас боп жеткен ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау – сіз бен бізге жүктелген үлкен жауапкершілік. Бұл ретте, қолына қыран қондырған қазақтың құсбегілік өнері жаңа Қазақстанмен бірге қайта жанданады деп сенемін, - деді Салжанов.

Берік Уәли Құсбегілік федерациясы мен Ұлттық спорт қауымдастығы арасында әріптестік туралы меморандумға қол қоюды саятшылықты дамытуға жасалған қадам деп бағалады.

Айта кетейік, Қазақстанның түкпір-түкпірінде құсбегілікті кәсіп еткен азамат көп. Олар көбіне бүркіт, лашын, сұңқар, қаршыға ұстап, аңға салуға баулиды. Ел аумағында 14 өңірде құсбегілік федерациясы жұмыс істейді.  200-ден аса құсбегі аңшы құстарды баптаумен, осы өнерге басқаларды үйретумен айналысып жүр.

«Қазақ ұғымында аңшы құстардың орны бөлек. Оларды ауыз әдебиетінде жыр-дастандарға қосып, ептілік, жылдамдық, ұшқырлық, батылдық, адалдық сияқты сипаттарын мақал-мәтелдермен түйіндеп отырған. Аңшы құстардың атымен балаға ат қою да ел ішінде кең тараған дәстүр. Құсбегілік федерациясының ресми түрде Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы құрамына кіруі – ата-бабадан мұра болған өнерді кәсіби тұрғыдан дамытуға жол ашады», - деп хабаралды Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы.

Айта кетейік, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы мен Құсбегілік федерациясы спорт шаралары мен жарыстардың жоспарын бекітеді.

2022 жылы республикада құсбегілікке қатысты 7 спорт шарасы өтікізілген, 2023 жылы 14 шара жоспарланып отыр.