×

LRT ісі бойынша сотталып жатқан жобалаушының әйелі тергеудегі заңсыздықтарға шағымданды

Ачиловтың қорғаушысы іске қатысы бар барлық жоғары лауазымды тұлғалардың жауап беруін сұрайды

 Айнұр Шошаева 24.11.2022 | 17:32
Фото: Halyq Uni

«Астана ЛРТ» ісі бойынша сотталып жатқан мердігер компанияның жобалаушысы Ұлықбек Ачиловтың әйелі Роза Дүйсебаева тергеу органдары тарапынан заңсыздықтарға шағымданды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Роза Дүйсебаеваның айтуынша, тергеушілер оларды балаларымен боспалап, жасамаған қылмысты мойындатуға тырысқан.

«Менің күйеуім Астанадағы LRT, BRT салу жөніндегі халықаралық консультанттың қызметтерінің құнын көтерді деп айыпталып жатыр. 2008 жылдан бері премьер-министрлер, құрылысқа жауапты министрлер мен елорда әкімдері бірнеше рет ауысқандықтан, жобаның тұжырымдамасы да өзгеріп отырды. Бұл ретте, іс материалдарына орындау үшін міндетті хаттамалық тапсырмалар, бюджеттік комиссиялардың шешімдері және басқа да құжаттар қоса тіркелді. Бұлар жобаның құнын көтеру және ақша қаражатын ұрлау туралы айыптау нұсқасын жоққа шығарады», – деді Роза Дүйсебаева. 

Оның сөзінше, жобаға халықаралық консультанттарды тарту мен оның құны туралы шешім Қазақстан президенті мен үкіметінің, көлік және коммуникация министрлігінің, экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің, сондай-ақ республикалық бюджет комиссияларының деңгейінде қабылданды. Сондықтан халықаралық консультант қаржыны жымқыруға жағдай жасау мақсатында тартылды деген айыптау жалған, еш логикаға сыймайды деп есептейді. 

Күйеуімнің жобаның құнын анықтауға және ақша бөлуге ешқандай қатысы жоқ. Біз осымен нешінші рет LRT, BRT жобасы бойынша тапсырмаларын түсірген жоғары лауазымды шенеуніктерден, саясаткерлерден куәгерлер ретінде жауап алуды сұрап келеміз, – дейді. 

Атап айтқанда, Ачиловтың қорғаушысы экс-премьерлер Серік Ахметов, Бақытжан Сағынтаев, бұрынғы вице-премьер және индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, бұрынғы көлік және коммуникациялар министрі Асқар Жұмағалиев, бұрынғы қаржы министрі Болат Жәмішев, бұрынғы экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев, сондай-ақ астананың бұрынғы әкімдері Иманғали Тасмағамбетов пен Әділбек Жақсыбековте сот залында жауап алуды сұрап отыр. 

«Бұл адамдардың барлығы LRT, BRT құрылысының тағдырына қатысты  шешімдерді қабылдады. Олар сотқа келіп, жауап берулері керек. Өйткені бүкіл құжатқа қол қойған солар. Қаржыландырудан бастап жоспарын бекіту туралы шешім қабылдаған еді. Қазір сот залында айыпталып жатқандар – солардың дайын шешімдерін орындаған қызметкерлер. Олар жобаның құнын көтеріп, біреуге пара берген жоқ. Ешқандай құқықбұзушылық жасамады. Бар болғаны жоғарыда қабылданған шешімді төменде жүріп орындағандар», – дейді Роза Дүйсебаева. 

Ұлықбек Ачилов SYSTRA концорциумның құрамындағы мердігер компанияда жобалаушы болып істеген. Әйелінің айтуынша, тергеу кезінде көптеген бассыздықтарға тап болды. 

Күйеуімді балалармен бопсалады. «Бізде Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековке қызметін асыра пайдаланғаннан басқа тағар айып жоқ, олардың үстінен коррупциялық бап керек» деп ашып айтты. Президент Тоқаев LRT ісі бойынша істі тергеп, кінәлілерді  жазалауды тапсырды. Ал тергеу органдары болса, ол ісі ашудың орнына айыпты қолдан жасап, күйеуімді кінәлі етіп жатыр. Оған «саған ол екеуі бұйрық берді немесе параны жеткізіп берді» деп айт, әйтпесе түрмеге отырасың деп ойлануға үш күн берді. «Айтқанымызға көнбесең, солар үшін отырасың» деді. Үш күннен соң келіп алып кетті. 2019 жылы 31 қазаннан бастап әлі тергеу изоляторында отыр, – деді Роза Дүйсебаева. 

Бұған қоса, күйеуі мен өзіне түрлі психологиялық қысым көрсетіліп жатқанына шағымданды. 

«Бірде киім-кешегін жууға бергізбейді немесе кіргізбей қойған кездер болды. Маған телефон шалып «сіздің күйеуіңіз ойланды ма?» деп сұраған кездер болды. Үш баламның болашағын ойлауымды еске салды. Күйеуім олардң шартына келіссе, қазір түрмеде отырмас еді. Әлгі екеуімен араласпаған, тек жұмыс кезінде көргенін айтып отыр. Себебі ол SYSTRA  компаниясына қарасты мердігер компанияда жұмыс істеді. Тікелей LRT-ға қатысы жоқ, одан ақша алмады», – деді Роза Дүйсебаева. 

Айта кетейік, Ұлықбек Ачилов өзінің кінәсіздігін дәлелдей алмаса, 8-11 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама