×

112 млн теңге бөлінген: 6 бала жатқан интернатта 39 адам жұмыс істейді

Депутаттар орталықтың жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді ұсынған

 Еркеғали Болатұлы 24.11.2022 | 16:25
фото: Time.kz

Қызылордада 6 бала тәрбиеленіп жатқан интернатқа биыл бюджеттен 112 миллион теңге бөлінген. Алайда арнайы тексеріс жүргізген комиссия балаларға осы ақыға сай жағдай жасалмай отырғанын анықтады. Бұл туралы 31 арна хабарлады.

Бүгінде мінез-құлқы ауыр балалар интернатында 40 шақты адам жұмыс істейді екен. Тексеріс жүргізген комиссия 112 миллион теңгеге айналдырған 6 бала үшін қазіргісінен де жақсы жағдай жасауға болатын алға тартып отыр.

Әлеуметтік қызметкерлердің жұмысын көре алмадық. Ата-анамен байланысып отырмыз дегендері мынау – оларға тек қол қойдырып алады. Ал былай жұмысын көрген жоқпыз. Тамағы, басқасы ұят енді, ол да мардымсыз болып шықты, – дейді Қызылорда облысы бойынша ұлттық алдын алу тетігінің қатысушысы Сәуле Әбділдаева.

Оның айтуынша, соңғы 5 жылда мекемеге 500 миллиондай теңге бөлінген. Бірақ интернатта бір жылда тәрбиеленген балалардың саны 10-ға да жетпеген. Сондықтан депутаттар орталықтың жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді ұсынған.

Бес жылда 500 миллионға жуық ақша жұмсалған. Оның ішінде бала болмаса да мамандар өзінің айлық жалақысын алып отыр. Бала толық болмаса да тиісті азық-түлік бөлініп отыр, – дейді облыстық мәслихат депутаты Аида Абибуллаева.

Ал интернатта негізінен мінез-құлқы ауыр, ата-анасына бағынбай, көше кезіп кеткен балалар тәрбиеленеді. Сондықтан бала саны аз болса да оларға қарайтын 39 жұмысшының әрқайсының жеке міндеті бар дейді облыстың білім басқармасы.

«Қазір оңтайландыру жұмыстары басталып кетті. Алдағы жылдары қиын жағдайда қалған балалардың орталығы қылып қайта құрып, сол жерде әлеуметтендіру жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ басқарма басшылары бюджеттен бөлініп келген миллиондар мақсатты жұмсалды деп сендіріп отыр», – дейді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әзизбек Ізімбетов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама