×

«Әкім боласың»: Ақтөбедегі жоғары лауазымды 1,5 млн долларға сатқан алаяқтар сотталды

Олардың біреуі жазасын шартты түрде өтейді

 Динара Амантай 24.11.2022 | 15:55
Фото: politic.bugin.kz

Астанада Ақтөбе қалалық әкімі лауазымын 1,5 млн долларға саудалаған алаяқтарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

2022 жылғы 21 қарашада Астана қаласы Сарыарқа ауданының №2 аудандық соты 5 адамға қатысты аса ірі мөлшердегі алаяқтық және аса ірі мөлшердегі алаяқтыққа оқталу фактісі бойынша айыптау үкімін шығарды.

Сотта алаяқтар жәбірленушілерді алдау және олардың сенімін теріс пайдалану жолымен алдын ала сөз байласып, өздерін жоғары лауазымды адамдар ретінде көрсете отырып, жәбірленушілердің бірін Ақтөбе қаласының әкімі лауазымына 500 мың АҚШ долларына, ал екінші жәбірленушіге сол лауазымға 1,5 млн АҚШ долларына тағайындауға уәде бергені анықталды. Бірінші жағдайда сотталғандар жәбірленушінің 260 мың АҚШ долларын иемденген. Ал екінші жағдайда жәбірленуші алаяқтарға жолыққанын түсініп, құқық қорғау органдарына жүгінген. Құзырлы органдар сотталушыларды 28 млн теңге мөлшерінде ақша муляжын беру кезінде ұстады.

Сотталушы Қ. және Б. өз кінәсін мойындамай, өздерін ақтауды сұрады. Сотталушылар Б. және Т. кінәні ішінара мойындап, оларға бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау сұралды. Ал сотталушы М. кінәні толық мойындады және оған бас бостандығынан айыруға байланысты емес жаза тағайындау сұралып отыр.

Сот алаяқтардың жеке басын, жәбірленуші тараптың ұстанымын ескере отырып, Қ.-ға ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы және 24-бабының 3-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша 6 жыл 8 айға, сотталушы Б.-ға 7 жыл, сотталушы Б.-ға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сотталушылар Т. мен М.-ға ҚР ҚК 24- бабының 3-бөлігі, 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағы бойынша сот 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ сотталушы М. жазаны шартты түрде өтейді.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама