КВИ-мен күресіп жүрген дәрігерлерге төленетін үстемақының не себепті тоқтатылғаны айтылды
Осы мақсатта республикалық бюджеттен 2020-2021 жылдарға 250,8 млрд теңге бөлінген
Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мәжіліс депутаттарының сауалына жауап беріп, коронавирус инфекциясымен күресте медицина қызметкерлеріне төленген үстемақының неліктен тоқтатылғанын түсіндірді.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2020 жылдың наурызынан коронавирус инфекциясымен күрес аясындағы жұмысқа үстемақы белгіленді. Ол жұқтыру тәуекелінің деңгейіне байланысты үш санат бойынша (өте жоғары тәуекел - 850 мың теңге, жоғары тәуекел - 425 мың теңге, орташа тәуекел - 215,5 мың теңге) төленді. Осы мақсатта республикалық бюджеттен 2020-2021 жылдарға 250,8 млрд теңге бөлінді. Бүгінде қаңтар-қыркүйек айлары аралығында медицина ұйымы қызметкерлеріне үстемеақы толық көлемде төленген.
Вице-премьердің айтуынша, дәрігерлерге үстемеақы Қазақстан, жалпы бүкіл әлемде медицина пандемиямен күреске дайын болмаған кезде енгізілді. Ол уақытта вирус зертелмеген, емдеу хаттамасы үнемі ауысып, медицина қызметкерлері арасында белгісіз вирустан үрейлену болған. Оларды қосымша ынталандыру қажет болды.
Қазір ахуал өзгерді. Тиімді қорғаныс құралдары қалыптасып, емдеу хаттамасы бекітілді. Инфекцияндан қорғайтын сенімді вакциналар пайда болды. Бұған қоса, медицина қызметкерлері алғашқылардың бірі болып вакцинацияға қол жеткізді. Қазір медицина қызметкерлерінің 99 пайызы екпе алды. Бүгінде ревакцинация жүргізіліп жатыр. Оны да медицина қызметкерлері алғашқылардың бірі болып алады, - деді Ералы Тоғжанов.
Биыл 28 мамырда өткен ВАК отырысында 2021 жылдың 1 тамызынан бастап КВИ-ге байланысты төленетін үстемеақыны 50 пайызға төмендету, ал 1 қазаннан денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің жалақысын көтерудің жаңа әдістерін айқындай отырып, үстемақыны алып тастау туралы шешім қабылданған.
Медицина қызметкерлерін қаржылай қолдау және ынталандыруды жалғастыру мақсатында осы жылдың 1 қазанынан тәуекел тобына байланысты белгілі бір мамандық иелерінің жалақысын арттыру іс-шаралары қабылданды. 2021 жылдың 1 қазанына дейін КВИ-ге байланысты бұған дейін төленіп келген үстемеақы уақытша төлем болатын. Ал жаңа әдісте көзделген үстемеақы қызметкер жалақысының негізгі бөлігіне қосылады және тұрақты түрде төленеді, - деді ол.