Ол халықты әкімдікте танысым бар деп сендірген
Талдықорғанда бұрын сотты болған әйел қала тұрғындарын 35 млн теңгеге алдаған.
2021-2022 жылдары Талдықорғанда тіркелген ірі алаяқтық фактілері бойынша тергеу жұмыстары аяқталды. Күдіктінің бұған дейін алаяқтық жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылған 28 жастағы жергілікті тұрғын екені анықталды.
Кәсіпкер әйел талдықорғандықтарға мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып алуға көмектесуді ұсынып, азаматтарға қала әкімдігінде байланыстары бар екендігін айтқан. Тергеу барысында күдіктінің қандай да бір тұрғын үй комиссияларының құрамына кірмейтіні және қандай да бір мемлекеттік органның қызметкері емес екені анықталды.
«Күдікті 14 рет алаяқтық қылмыс жасаған. Жәбірленушілердің материалдық шығыны 35 580 000 теңге болды. Әйел Талдықорған тергеу изоляторына қамауға алынды», – деді Талдықорған қаласының ПБ тергеушісі Ілияс Алдабергенов.