×

Алматыда АИТВ жұқтыру көрсеткіші көбейіп жатыр

Соңғы жылдары инфекция көп таралған

 Дастан Жұмабекұлы 24.11.2022 | 13:41
фото: ашық дереккөз

Алматы қаласы ЖИТС-тың алдын алу және оған қарсы күрес орталығы бас дәрігерінің орынбасары Альфия Денебаева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте соңғы кезде тез таралып жатқан АИТВ инфекциясы туралы айтып берді.

Ол соңғы жылдары жалпы ел бойынша, сондай-ақ Алматыда да АИТВ ауруын жыныстық жолмен жұқтырған адам саны 2013 жылғы 63%-дан 2022 жылы 77,9%-ға дейін көбейгенін айтты. Ал ауруды инъекциялық есірткі қолдану арқылы жұқтырған адам саны 15%-ға өскенін атап өтті.

Елімізде АИТВ-инфекциясын емдеу және оны алдын алуға көп көңіл бөлінеді. АИТВ-ны алдын алып, оны титімді емдеудің арқасында инфекция созылмалы аурулар санатына өтті. Қазір АИТВ-ны емдеу диагноз қойылғаннан кейін бірден басталады. Ем тегін беріледі, –  деді Альфия Денебаева. 

Дәрігердің айтуынша, эпидемиямен күресіп, инфекцияның таралуын азайту үшін ауруды тез жұқтыратын адамдарға көңіл бөлініп жатыр. 

«Бұл ауру инъекциялық есірткіні қолданатын адамдар арасында да жиі кездеседі. Сол себепті, «зияндылықты азайту» бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама есірткі қолдануды азайтуға арналған. Яғни, ол – АИТВ, туберкулез, вирустық гепатит сияқты аурулардың таралуын азайтудың кешенді бағдарламасы. Осы бағдарламаны іске асыру аясында қалалық емханаларда 19 сенім пункті мен 5 сенім кабинеті жұмыс істейді», –  деді А.Денебаева. 

Дәрігер Алматыда осындай іс-шараларды өткізуге үкіметтік емес ұйымдардың көмектесіп жатқанын айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама