×

110 мың теңге жалақы алатын Аралдағы мекеме жұмысшылары президенттен көмек сұрады (ВИДЕО)

«Арал – Сарыбұлақ» су құбыры мекемесінде 298 адам жұмыс істейді

 Айгерім Таубай 24.11.2022 | 12:30
Фото: видеодан скриншот

Қызылорда облысы Арал ауданында «Арал-Сарыбұлақ топтық су құбыры» өндірістік бөлімшесінің жүзге жуық қызметкері жиналып, ел президентінен көмек сұрады.

Арал және Қазалы ауданы халқын ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекеме қызметкерлері жалақысы 80 мың теңге екенін, экологиялық төлемді қосқанда ай сайын 110 мың теңге алатынын айтты.

Жиналғандар Halyq Uni редакциясына хабарласып, мәселенің мән-жайын айтып берді.

«Арал ауданынан бастап Қазалы ауданының халқын сапалы ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп отырған мекеменің 300-ге жуық қызметкері – Қазақстан Республикасының азаматтары. Инфляция деңгейінің күн сайын өсуі, коммуналдық төлемнің көтерілуі бала-шаға асырап отырған бізге ауыр тиіп жатыр. Бұл мекемеде су айдау қондырғыларында машинист, механикаландырылған қызметпен айналысатын көлік жүргізушілері, су есептеуіш қондырғыларды тексеретін бақылаушылар, су сапасын бақылаушы лаборант, су құбырын жөндейтін слесарь-бақылаушылар мен электршілер жұмыс істейді. Арал, Қазалы ауданының 165 мыңнан астам тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіп келеміз. Су құбырларына қатысты авариялық жағдай туындаған кезде жылдың төрт мезгілінде күні-түні, мереке күндеріне де қарамастан жұмыс атқарып жатырмыз», - дейді жиналғандар.

2022 жылдың 4 наурызында «Арал – Сарыбұлақ» су құбыры өндірістік бөлімшесінің жұмысшылары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен Экология, геология және табиғи ресурстар министріне талап-арыз жолдаған. Алайда қос министрлік жұмысшылардың арызын жауапсыз қалдырған.

«Бұл арыз-талабымыз тиісті министрліктерге жетіп, жұмысшыларға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі деп үміттендік. Бірақ бұл талап-арызымыз жауапсыз қалды. 2022 жылдың 2 қарашасында жұмысшылар мүше болып отырған Amanat партиясы Арал аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары мен Арал ауданы мәслихатының басшысына талабымызды білдіріп, жазбаша баяндадық. 15 күн ішінде берілетін жауапты ала алмадық», - дейді жұмысшылар үндеуінде.

Олар азық-түлік, дәрі-дәрмек пен коммуналдық төлемнің қымбаттап жатқанын айтып, жалақысының жетпейтінін жеткізді. Сондай-ақ айлық жалақысын 100 пайызға көтеруді, атаулы мерекелерде сыйақы беруді талап етті.

Мекеме қызметкері Жасарал Өтегеновтің айтуынша, 23 қарашада жүзге жуық адам жиналған соң мекеме басшылығы оларға жауап берген.

Бұған дейін де мекеме басшылығына, Amanat партиясының Аралдағы филиалына да айттық. Ешқандай хабар жоқ. 15 күн күттік. Келесі жылы көреміз, биыл ештеңе өзгермейтінін айтты. Басшылық жалақыны көтеруге мекеменің жағдайы келмейтінін жыл сайын айтады, - дейді Жасарал Өтегенов.

Айтуынша, жұмысшылардың жалақы мөлшері кейінгі бірнеше жылда көбеймеген.

«Жылдың аяғында сыйақы да берілмейді. Басқа жерде он үшінші айлық алады, бізде ол да жоқ. Мереке күндері де ештеңе берілмейді. Еңбек демалысына шықсақ, бір рет қана материалдық көмек береді. Болды, басқа ештеңе жоқ», - дейді Жасарал Өтегенов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама

Денсаулық сақтау министрлігі электронды темекі саудасына толық тыйым салмақ

Сарапшылар оған тосқауыл қоюдың басқа жолын табу қажет деп отыр
03.12.2022 | 09:50

Заманбек Нұрқаділовтің бұрын-сонды еш жерде жарияланбаған видеосы шықты

Бұл видео «Хабар» агенттігінің архивиінде сақталған
03.12.2022 | 07:34

Қарағанды ​​облысында автобус күтіп тұрған оқушының беті үсіп қалған

Абай аудандық білім бөлімі оқиғаны растады
03.12.2022 | 06:30

«Мама, мені күтпеңіз»: Бес баланы қаққан жүргізушінің анасы оқиғаның мән-жайын айтып берді

Мектеп автобусынан түскен бес оқушыны Lexus көлігі қатты жылдамдықпен соққан
03.12.2022 | 00:15