Солтүстік Қазақстан облысында 700-ге жуық интернет-алаяқ ұсталды
Олар көбінесе зейнеткерлерді ақшаға алдап келген
Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері 700-ге жуық интернет-алаяқ ұсталды. СҚО полиция департаменті бастығының орынбасары Руслан Назаровтың айтуынша, өңірде алаяқтықпен айналысқан адамдар көбінесе зейнеткерлерді ақшаға алдап келген. Олар интернет арқылы сауда жасау кезінде алдын ала төлем жасауды сұрап, өздерін банктің қызметкері ретінде таныстырып, қоңырау шалып отырған. Сонымен біге алаяқтар жәбірленушіге психологиялық қысым көрсету мақсатында өздерін құқық қорғау органдарының қызметкеріміз деп таныстырады.
«Алаяқтар егде жастағы адамдарға көп хабарласады. Мысалы, зейнеткер Надежда Дьяченкоға қырық шақты қоңырау соғылды. Оның күйеу баламасына да қоңырау шалған. Біздің учаскелік инспектор әлдеқашан ескертіп, жадынамалар таратып, айла-амалдары туралы айтып берді», – деді ол.
Осы ретте, ол алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қарапайым ережелерді ұстану қажеттігін ескертті.
«Өзіңізге сенімсіз болсаңыз, алдын ала төлемге келіспеңіз. Сатушымен бейнебайланысқа шығып сөйлесуге әрекет етіңіз. Әдетте қылмыскерлер өз бет-әлпеттерін көрсетпеуге тырысады. Алаяқтар WhatsApp арқылы аудиобайланысқа шығады. Өздеріңіздің жеке деректеріңізді, оның ішінде банк картасының сыртындағы cvv-кодты, PIN-кодты, SMS-хабарламасымен келетін бірретік кодты ешкімге сеніп айтпаңыздар. Сіздің атыңызға біреулер ірі көлемде несие ресімдеп жатыр, несие алып, қаражатты қауіпсіз шотқа аударыңыз деген мазмұндағы банктерден не полицейлердің атынан келіп түсетін қоңырауларға да сенбеңіздер. Әңгімені дереу тоқтатып, өз банкке немесе «102» нөміріне хабарласыңыздар», – деді СҚО ПД бастығының орынбасары.