×

Ақмола облысында студент 6 жылға сотталды

19 жастағы ер адам жазасын орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару мекемесінде өтейтін болады

 Динара Амантай 24.11.2022 | 11:10
Фото: polisia.kz

Ақмолада мефедронды заңсыз өткізген студент 6 жылға сотталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақмола облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында ҚР ҚК 297-бабының 2-бөлігі («Ірі мөлшердегі психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз сақтау») бойынша қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылған Көкшетау қаласының 19 жастағы тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды. Одан 0,43 грамм «мефедрон» психотроптық заты тәркіленген болатын.

Сот отырысында сотталушы кінәні ішінара мойындады. Ол есірткі заттарын сатумен айналыспағанын, ал тәркіленген психотроптық затты жасырып салу арқылы досының өтініші бойынша сатып алғанын айтты. Алайда жас жігіттің кінәсі Ақмола облысының полицейлері жинаған бұлтартпас дәлелдермен, сондай-ақ сот отырыстары барысында жауап алынған куәгерлердің айғақтарымен расталды.

Сотталушының тұрғылықты жері мен оқуы бойынша оң сипаттамасын, бірінші соттылығын, жас ерекшелігін назарға ала отырып, сондай-ақ ол жасаған қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен дәрежесін, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, сот қылмыстық жолмен өндіріп алынған мүлікті тәркілей отырып, орташа қауіпсіз қылмыстық-атқару мекемесінде 6 жыл бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны тағайындады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама