×

Атырау соты 13 жастағы қызды зорлады деп айыпталған жігітті ақтады

Прокурор ер адамды 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады

 Халық үні 24.11.2022 | 10:50
Фото: sputnik.kz

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 18 жастағы жігітке қатысты іс қаралды. Оған жасөспірім қызды зорлады деген айып тағылған, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сот барысында 2021 жылдың тамызында 13 жастағы қыздың әлеуметтік желі арқылы жігітпен танысқаны анықталды. Ол өзін 18 жастағы қыз ретінде таныстырған. Желідегі парақшасында өзін 2003 жылы туған деп көрсеткен.

2021 жылдың тамызында олар алдын ала келісілген пәтерде кездесіп, өзара келісім бойынша жыныстық қатынасқа түскен. Жәбірленуші кездесудің мақсатын алдын ала біліп, өзімен бірге сақтану құралы (контрацепция) мен түнгі көйлегін алып барған.

Сот барысында мемлекеттік айыптаушы сотталушыны Қылмыстық кодекстің 120- бабы (зорлау) бойынша кінәлі деп танып, оны 20 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Сотта кәмелетке толмаған жәбірленуші сотталушымен 18 жастағы қыз ретінде танысқанын және жыныстық қатынасқа өз қалауы бойынша түскенін айтты. Содан кейін жәбірленушінің заңды өкілі – қыздың анасы айыпты қолдамай, істі қысқартып, сотталушыға қатысты ақтау үкімін шығаруды сұрады. Жігіт те өзін ақтауды сұрады. Ол қыздың жасын білмегенін, жыныстық қатынасқа өз еркімен түскенін айтты.

Сот сотталуышының әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтау үкімін шығарды.

«Сондай-ақ сот сотталушыны бір жылдан астам уақыт заңсыз қылмыстық қудалағаны үшін Атырау облысы прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының атына жекеше қаулы шығарды», - деп хабарлады Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама