Төрт адам қаза тапты, тағы төрт адам ауруханаға жеткізілді
Алматы облысында жантүршігерлік жол апатынан 4 адам қаза тапты, деп хабарлады Polisia.kz.
Облыстың полиция департаментінің хабарлауынша, 23 қарашада сағат 15:00 шамасында Toyota автокөлігінің 50 жастағы жүргізушісі «Алматы-Кеген-ТЮП» автожолының екінші шақырымында қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Салдарынан Mitsubishi автокөлігіне соқтығысқан.
Апат салдарынан оқиға орнында Toyota жүргізушісі мен оның 3 жолаушысы қайтыс болды. Сонымен қатар Mitsubishi автокөлігінде болған төрт адам ауруханаға жеткізілді.
Аталған дерек бойынша Еңбекшіқазақ ауданының полициясына Қылмыстық істің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелді. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалды.
Сондай-ақ полиция ауа райының қолайсыздығына байланысты жолда сақ болуға шақырды.