Halyq Uni логотип
×

«Жошы» анимациялық фильмінің кейіпкерлері қалай пайда болды?

Анимациялық фильм желтоқсан айында қалың көпшілікке жол тартпақ

 Ая Өміртай 23.11.2022 | 15:14
«Жошы» анимациялық фильмінің кейіпкерлері қалай пайда болды?
Фото: Halyq Uni

Әке аманаты жайындағы таңғажайып «Жошы» қысқаметрлі 2D анимациялық фильмі жобасының түсірілім жұмыстары қараша айында толық аяқталады, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Дайындық жұмыстары 2019 жылдан бері басталған сюжеті ежелгі түркілердің көмескілене бастаған дүниетанымы мен даналық, ақыл-парасаты негізінде өрбиді.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысымен «Astana Film» жастар киностудиясы түсіріп жатқан анимациялық фильмнің режиссері – Жәнібек Оразалы. Көмекші режиссер және қоюшы суретші Асхат Исмағұлов болса, кейіпкерлер авторы – Саят Саманбек.

Осы орайда, кейіпкерлер авторы Саят Саманбек бізге фильм кейіпкерлерінің және жүздеген эскиз арасынан Жошы бейнесі қалай таңдалғаны туралы айтып берді.

«Әр кейіпкердің характерін көрерменге дұрыс жеткізу үшін осы жоба барысында кейіпкерлердің тарихымен тереңірек танысып шықтым. Басты кейіпкер Жошы тарихи тұлға болғандықтан көптеген нұсқада салып көрдім. Әрине, режиссермен бір шешімге келіп, қазақы танымға жақын нұсқаны таңдадық. Өйткені қытай, моңғол, еуропалықтардың қолтаңбасында Жошы бейнесі мүлде өзгеше. Осының барлығын ескере келе, түркілік сарындағы ортақ бейнені сызып шықтық. Отандық анимацияны дамытуға бағытталған мемлекеттік қолдау бағытында Мәдениет және спорт министрлігі шетелдік нарыққа шығаруда үлкен жоспарлар құрып отырғаны қуантады», – дейді кейіпкерлер авторы Саят Саманбек.

Маманның айтуынша, хронометражы 10 минут болатын фильмге 200-ден астам эскиз сызылған. Тарихи, шытырман оқиғаға толы отбасылық драма жалпы көпшілікке арналған. Анимациялық фильм желтоқсан айында қалың көпшілікке жол тартпақ.

Дешті Қыпшақ даласының билеушісі Жошы хан – дүниені дүр сілкіндірген әйгілі Шыңғыс қағанның бәйбішесі Бөртеден туған үлкен ұлы. Ғұмырының соңына таман Жошы ұлысын құрып, ұлан-ғайыр атырапқа әмірін жүргізді. Алтын Орданың іргесін қалап, одан ары дамытуды ұлы Батуға аманаттап кетті. Жошының ақтық демі қазақ жерінде үзіліп, Ұлытау бөктерінде жерленді.

 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама