«Педагогті қорғау» телеграм-чатына мұғалімдерден 10 күнде 600-ден аса өтініш түскен
Сұрақтардың басым бөлігі мұғалімдердің құқықтарының бұзылуына қатысты
«Педагогті қорғау» телеграм-чатына 10 күнде 25 мыңнан астам адам жазылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оқу-ағарту министрлігі құрған «Педагогті қорғау» Telegram-чаты педагогтер арасында танымал болып келеді. Чат құрылған күннен бастап 10 күн ішінде оған 25 мыңнан астам адам қосылды. Осы уақыт ішінде мұғалімдерден 600-ден астам сұрақ пен өтініш түсті. Сұрақтардың басым бөлігі мұғалімдердің құқықтарының бұзылуына қатысты. Атап айтқанда, оларды міндетінен тыс жұмыстарға тарту, мұғалімдерден артық есеп талап ету. Сондай-ақ мұғалімдердің аттестациясына, санат беру, оқу жүктемесін бөлу және т.б. қатысты сұрақтар да түсіп жатыр.
Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде алғаш рет мұғалімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Мұғалімдердің құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында Білім саласында сапасын қамтамасыз ету комитеті «Педагогті қорғау» Telegram-чатын іске қосты. Telegram-чатқа түскен барлық ақпарат тексеріледі. Мамандарымыз жедел түрде кері байланыс жасап, мұғалімдердің әрбір өтінішіне жауап береді және қажет болған жағдайда тиісті шараларды қабылдайды. Мұғалімдердің сұрақтары мен өтініштеріне дер кезінде жауап беру үшін арнайы жұмыс тобы құрылғанын атап өткім келеді. Оның құрамына комитеттің, білім саласында сапаны қамтамасыз ету аумақтық департаменттерінің және облыстық білім басқармаларының өкілдері бар. Telegram-чат мұғалімдердің құқықтарын бұзу фактілерін барынша азайтуға көмектесетініне сенеміз, - деді Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов.
Комитет чатты жақсарту және одан әрі жетілдіру бойынша жұмыс істеп жатыр. Мұғалімдердің сұрақтарына жауап беруден басқа, чатта мұғалімдер үшін пайдалы ақпарат жарияланады. Мысалы, жалақы калькуляторы, мұғалімдердің қызметіне байланысты заңдар мен нормативтер, жиі кездесетін жағдайларды шешу жағдайларының мысалдары.