×

«Суицид туралы жиын өткен»: Атырау облысындағы оқушының өліміне қатысты тың дерек шықты

Қайғылы оқиға 22 қарашада Жылыой ауданында болған

 Халық үні 23.11.2022 | 12:45
Фото: ашық дереккөз

Атырау облысында өзіне қол жұмсаған 14 жастағы жасөспірімнің қазасына байланысты оқушы білім алған мектептің директоры пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Оқиға 22 қарашада Атырау облысы Жылыой ауданында болған. 8-сынып оқушысының мәйіті өз үйінен табылды.

Жылыой ауданы білім бөлімінің хабарлауынша, 14 жастағы жасөспірім – Жаңа Қаратон ауылының тұрғыны. Ол 2022 жылдың 7 қазанында Құлсары қаласында тұратын әжесінің жанына келіп, Сатыбалдиев атындағы №18 жалпы орта білім беретін мектепке ауысқан.

«Оқушы сыныптастарымен жақсы қарым-қатынаста болды. Мінезі де ашық болатын. Ешкіммен арасында кикілжің болмаған. Мектептегі, сыныптағы шараларға белсене қатысты. Сынып сағаттарында да өз ойын айтатын. 14 қазанда деструктивті діни ағымдар, суицид, зорлық-зомбылық тақырыбы бойынша мектепте 8-11 сынып аралығындағы оқушыларға ақпараттық түсіндіру жұмыстары өткізілді. Сол шараға осы оқушымыз да қатысты»,- дейді мектеп директоры Алтынгүл Ибраева.

Марқұмның әкесі вахта бойынша жұмыс істейді, анасы үй шаруасында. Ол отбасындағы алты баланың бірі.

Атырау облысы полиция департаменті бұл жағдайға байланысты тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын хабарлады.

Ләззат Нұрболатқызы, Атырау облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама