Ол серіктерімен бірге қожалықтарға берілген несиенің бір бөлігін иемденіп отырған
Оралда 600 миллион теңге бюджет қаржысын жымқырғаны үшін 9 жылға сотталған мемлекеттік корпорация басшысы орынбасарының жазасы қысқартылды. Ал оның екі сыбайласы бостандыққа шықты.
Сот материалдарына сүйенсек, «Аграрлық несиелік корпорациясы» Батыс Қазақстан облыстық филиалы директорының орынбасары Ерболат Оңғарбек шаруаларға берілетін арзан несиенің 600 миллион теңгесін жымқырған.
Қызмет бабын асыра пайдаланған шенеунік серіктерімен бірге мемлекеттік бағдарлама бойынша қожалықтарға берілген несиенің бір бөлігін өзі иемденіп, кейін несиені өзі рәсімдеудің амалын тапқан.
Бірақ айыпталушы өз кінәсін мойындамай, шағым түсіріп отыр. Істі қайта қараған сотқа берілген жазаны жеңілдеуге тура келіпті.
«Ерболат Оңғарбекке 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалсын. Ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойы айрылады. Айыпталушыларға қатысты үкімнің негізгі бөлігі өзгеріссіз қалдырылсын», - деді БҚО соты апелляциялық алқасының төрағасы Азат Ізбасаров.