×

Атырау облысында алмаға ескерткіш орнатылды

Сарытоғай ауылында бірнеше жыл бұрын алма бағы болған

 Халық үні 23.11.2022 | 11:45
Фото: әлеуметтік желі

Атырау облысы Махамбет ауданында алмаға ескерткіш орнатылды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сарытоғай ауылында бір кездері алма бағы болған. Алайда бақ 2004 жылы қараусыз қалып, қазір мүлде жойылып кеткен. Ауыл тұрғындары сол жерде қызмет еткен адамдардың құрметіне алмаға ескерткіш қойды.

Алайда әлеуметтік желі қолданушыларының пікірі екіге бөлінді. Бірі ескерткішке жұмсаған қаражатты бақты қайта жандандыруға жұмсау қажет еді десе, енді бірі бұл бастаманы қолдады.

«Сарытоғайдағы керемет алма бағының быт-шытын шығарды. Енді қайғырып ескерткіш қойып отыр ма?» деп жазды желі қолданушылары.

Осыған байланысты Сарытоғай ауыл округі әкімінің аппараты жауап берді.

«2004 жылы ауыл басшылары ауысып, сол кезден бастап бақша қараусыз қалып, уақытылы суарылмай қалған. Әлі де сол қараусыз күйінде жатыр. Жақында Қалыбеков атындағы Сарытоғай орта мектебінің түлектері бастама көтеріп, кезінде алма бағында еңбек еткен ардагерлерге құрмет ретінде ауылға «алма» белгісі орнатылған шағын демалыс саябағын салды»,- дейді ауыл әкімі аппаратының бас маманы Самал Жұбанова.

Айта кетейік, 1948 жылдары жанданған алма бағынан қазір тек қураған ағаш пен орны ғана қалған. Бұл жерде алманың 17 түрі өсірілген. Алмадан дайындалған 3 түрлі өнім еліміздің өзге өңірлеріне, Ресей Федерациясының бірнеше облысына жіберілген.

2022 жылдың қарашасында Атырау жұртшылығымен кездескен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыста ескерткіш қоя бергеннен гөрі, спорт және медицина нысандарын салуға баса назар аудару қажет екенін айтты.

Ләззат Нұрболатқызы, Атырау облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама