×

«Бір көзім жоқ, жағым үгітілген». Алматылық азамат мүгедектік туралы анықтама ала алмай жүр

Жасұлан Амангелдинов рақымшылыққа ілігуге үмітті

 Ая Өміртай 22.11.2022 | 16:32
Коллаж: Halyq Uni

Құқық қорғау орган қызметкерлері азаптаған алматылық Жасұлан Амангелдинов 8 айдан бері мүгедектік туралы анықтама ала алмай жүр, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Ол 5 қаңтар күні жұмыстан қайтып келе жатқанда көзіне оқ тиіп, бір көзінен айырылған. Жасұланның жағдайын білу үшін арнайы жолығып, әңгімеге тарттық.

Жасұлан жұмыстан босаған соң, бізді Айнабұлақ ықшам ауданынан күтіп алып, 17 шақырым жердегі Ащыбұлақ ауылындағы үйіне бастап апарды. Айтуынша, астындағы көлігін жұмыс орнындағы басшысы қала сыртынан қатынауға оңай болуы үшін уақытша берген.

«Қазір жер қазатын трактор айдаймын. Жұмысым қаланың ішінде. Күніне 60 шақырымдай жол жүремін. Тракторға таңертең мініп, кешкі сағат алтыда түсемін. Жұмысқа шықпасам болмайды. Денсаулығым келсін, келмесін басқа, амалым жоқ. Бұйырғаны осы. Прокуратура үйдегі көлік пен телефонымды сараптамаға алып кеткен. Әлі қайтарған жоқ», – деп әңгімесін бастады ол.

КОНТЕЙНЕРДЕ ҚЫСТАП ОТЫР

Қазір Жасұлан отбасымен осы ауылдың шеткері жағында бір бөлмелі контейнерді мекендеп отыр, биыл осында қыстап шықпақ. Күніне 2-3 рет от жаққанымен, «темір үй» тез суып кетеді екен. Төбесі жабылған қоңыр салқын контейнер ішінде үш бала алаңсыз ойнап жүр.

«Әзірге 2 тонна көмір түсіріп алдық. Қар жауған соң жолдасымның жұмысы тоқтайды деп жатыр. Ауыр жұмыс істеуге Жасұланның денсаулығы жарамай тұр. Үй суық болғандықтан балаларға жиі суық тиеді. Кіші ұлымыз бір жастан енді асты», – дейді бізді қарсы алған жолдасы Әйгерім.

МҮГЕДЕКТІК АНЫҚТАМАСЫН БЕРМЕЙ КЕЛЕДІ

Жасұланның айтуынша, өзі тіркелген Қарасу ықшам ауданындағы №21 қалалық емханаға қажетті құжаттарын өткізгенімен, сегіз айдан бері мүгедектігін растайтын анықтаманы ала алмай, әуреге түскен.

Қаңтардан бері 5 операция жасалды. Наурыздан бері мүгедектік туралы анықтаманы ала алмай келемін. Емханадағылардың сұрамаған құжаты жоқ, ең соңында тұрғылықты жерден тіркеу сұрады. Сонда да бітпеді. Осы жұма күні істі сотқа жібереміз деген, анықтаманың сотта пайдасы тие ме деген ойым ғой, – дейді ол.

Заңнама бойынша, мүгедектікті медициналық-әлеуметтік сараптама анықтайды. Ол үшін тұрғылықты жер бойынша медициналық ұйым диагноз қойылған сәттен бастап адамдарды МӘС-ке жіберуі тиіс.

Жасұланның жұмысқа шыққанына 15 күндей болған. Денсаулық жағдайына байланысты ауыр көтеруге, еңкеюге болмайды. Әйткенмен күн көру үшін жұмысқа шығуына тура келгенін айтады. Қаңтар оқиғасынан кейін құрылған «Қазақстан халқына» қорына өтініш бергенімен, одан ешқандай көмек болмаған.

«Жолдасым Әйгерім үш баламен үйде отыр. Үйдің жалғыз асыраушысы өзім. Қаңтардан бері мемлекеттен қандай да бір көмек, болмаса әлеуметтік жәрдемақы алған емеспін. Ағайын-туыстарымыз бен көмек бергісі келген жандар қаржы жинап берді. Сол қайырымды жандарға алғысым шексіз», – дейді ол.

ТӘРТІП САҚШЫЛАРЫ ТҮРМЕГЕ АПАРЫП ТЕПКІЛЕТКЕН

Қаңтар кезінде Жасұлан Амангелдинов құқық қорғау органдары тарапынан азап көргендердің бірі ретінде баспасөзге сұқбат та берген. Оның ыстық суға күйген денесінің суреті әлеуметтік желілерде таралып, қоғам тарапынан «азаптау тоқтатылсын» деген үндеу тараған болатын.

Өзінің айтуынша, 5 қаңтар күні кешкісін жұмыстан қайтып келе жатқанда көзіне оқ тиіп, ауруханада ес жиған. Полиция өкілдері оны бірден тергеу изоляторына алып кеткен. Сол бір азаптау кезіндегі қиын кезеңдер туралы Жасұлан былай деп еске алады:

«Өліп қалған итті сүйреп тастағандай етіп, ауруханадан тергеу изоляторына алып кетті. Медбикелердің «жаңа ғана есін жинады, болмайды» дегеніне  қарамады. Тергеу изоляторының алдында күннің аязына қарамай тізерлеген күйі, 3 сағаттай тұрдық. Ауруханадан бір күнде 150-ден астам адамды алып кетті. 15 қаңтар күні камераға екі жігіт келіп, бейтаныс жолдармен айналдырып-айналдырып, басқа кабинетке әкелді. Қолдарында қағаз, қаламы бар. «Не тонадың», «не ұрладың» деп сұрады. Үйге қайтып бара жатқан жолда, көтерісшілердің арасынан өте алмағанымды, жазықсыз екенімді айтып бердім. Мойындамай қойған соң, түрмеде сотталып отырғандардың камерасына алып барды. Сонда отырған үш жігітке мені күштеп сабатты. Аяқ-қолымды кісендеп, ауызымды скочтап, тепкінің астына алды. Өлсем адал өлейін дедім. Тепкілей берген соң әлім құрып, қозғалуға мұршам болмады. «Соңғы рет сұраймын, мойындайсың ба» деп сұрады. «Жоқ» деп едім, көзімше тоқ шәйнекті қайнатып, бұрқылдап қайнап тұрған суды арқама құя салды. Қалғанын қолыма құя салды. Осы тергеу кезінде жағымды, бас сүйегімді үгітіп, құлағым естімей қалды», – дейді ол.

Осылайша тергеу изоляторына тек көз жарақатымен түскен Жасұланның тергеудегі азаптаулардан соң жақ сүйегі түгел үгітіліп, құлағы естімей қалған. Дәрігерлер оқ ағызып кеткен көзіне жасанды көз протезін орнатып берген.

«Алматыдағы Көз аурулар қазақ ғылыми-зерттеу институтында көзіме операция жасаттым. Алғаш оқ тиген күні ауруханада кірпігімді ішіне қайырып тігіп тастаған екен. Соны қайта тікті. Енді көзіме салынан протезді ауыстыруым қажет. Көз ұясы түгел сынып кеткендіктен жіңішке сым тартып қойған. Жақ сүйегі де солай, екі жерден темір ұстап тұр», – деді Жасұлан Амангелдинов.

РАҚЫМШЫЛЫҚҚА ІЛІГУГЕ ҮМІТТІ

Жасұлан Амангелдинов ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабы бойынша айыпталып, қазір үйқамақта. Ісі алдағы уақытта сот қарауына өтеді. Ол Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтарға қатысушыларға жариялаған рақымшылыққа ілігуден үмітті. Дегенмен түпкілікті шешімді әрбір іс бойынша сот қабылдайды.

Қолыма қару алып, ештеңе тонаған жоқпын. Құқық қорғау органдарының қолында кінәлі екенімді айғақтайтын ешқандай дәлел де жоқ. Соған қарамастан іс қаңтардан бері созылып келеді. Қиындықтан ептеп оңалармыз. Қазіргі уайымым – сотта кінәсіз екендігім толық дәлелденсе екен. Ұл-қызыма кесірім тимесе деймін. Өзім қатарлы көп жігіттердің ісі сотқа жетпей аяқталып жатыр. Адвокат соңғы шешімді сот қабылдайтынын айтып отыр, – дейді Жасұлан Амангелдинов.

Айта кетелік, құжатқа сәйкес, 4-7 қаңтар күнгі «заңбұзушылықтарға қатысы бар» 1,5 мыңнан астам адам амнистияға ілінеді. Құжат жеңіл және орташа ауыр қылмыс жасағандардың барлығын қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды, ауыр және ерекше ауыр қылмыс жасап, сонысын мойындағандардың жазасын қысқартуды ұсынады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама