Ол адамдарды атудан бас тартқаны үшін өзінен бәрінің теріс айналғанын айтты
Ресейлік офицер Украинаның Буча қаласында оккупанттардың тұрғындарға зорлық-зомбылықтың сан түрін көрсеткенін растады. Бұл туралы The Insider хабарлады.
«Ресейдің Бучада қылмыстар жасады деп айыпталып жатқан 64-мотоатқыштар бригадасының әскери қызметкері Никита Чибрин майдан даласынан қашып шығып, бізге соғыста өзі куә болған сұмдықтар жайында айтып берді», – деп жазды басылым.
Мен мародерлік фактілердің көптеп болғанын анық білемін. Липовка мен Андреевкада әскерилердің қалай машина алып кеткендерін көрдім. Оталмай қалған машиналарды қалай сындырғандарын, үйлерді қалай қиратқандарын көрдім. Шамасы, оларды бізде күш бар, танктер бар, БМП бар, қару бар деп есіріп, жасаған шығар. «Рэмбо синдромы» ойнап кетті. Үйлерден әшекейлердің бәрін, мобильді қондырғыларды алды, – деді Чибрин.
Сондай-ақ ол Ресей сарбаздары тарапынан Андреевкада әйелдерді зорлау фактілерінің болғанын растады.
«Олардың осының бәрінен бастары кетіп қалды. Көпшілігі үйлерде алкоголь ішіп жүрді. Андреевкада анасы мен қызын қатар зорлау оқиғасы болды. Мұны 4 жігіт жасады. Бұлардың біреуі қашып кетті. Қалған үшеуін қаруластары мен командование орындықпен ұрып-соқты. Жалпы, оларды атып тастамақшы болғанбыз. Бірақ оларға ондай айып таға алмайтын едік. Себебі бұған айғақ болған жоқ. Сондықтан жай әскер қатарынан шығарып жіберді», – деді Чибрин одан әрі.
Әскери қызметкер майданда Ресей сарбаздарының сұмдық нашар жағдайда жүргендерін де айтып берді. Ол өзін соғыста алдыңғы шепке жібермеулері үшін жынды болып көрінгісі келгенін сөз етті. Ал адамдарды атудан бас тартып, қашып кеткені үшін өзінен бәрінің теріс айналғанын, соның ішінде өз отбасы мүшелерінің де мұны керек етпей қалғандарын әңгімеледі.
Мен олардың бәрі үшін Отанын сатқан сатқынмын, болды. Бірақ мен бейбіт украин тұрғындарын ату үшін соғысқа баруым керек пе? Әлде түрмеге түсейін бе? Сондықтан менде бір ғана таңдау болды. Маған елден кету керек болды, – деді Чибрин.
Әскери қызметкер халықаралық сотта куә ретінде жасалған қылмыстардың бәрін айтып беруге дайын екенін мәлімдеді.
«Менің жасыратын ештеңем жоқ. Бұл – Ресей бастаған қылмыстық соғыс. Мен енді оның тез аяқталуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасағым келеді», – деді ол.
Никита Чибрин қаржылық қиындықтар салдарынан әскерге 2021 жылдың жазында өз еркімен барған екен. Ал Украинаға оның бригадасын алдап апарыпты. Оның айтуынша, соғыстың алғашқы айын Киевтен 50 шақырым жердегі Липовка селосында өткізген. Осы кезеңде оның қаруластары Буча мен Андреевкада нағыз геноцид ұйымдастырған.
Ол 16 маусымда жүк көлігінің қорабына жасырынып мініп, Украинадан кетіп қалады. Қашқында жүргенінде Gulаgu.nеt құқық қорғаушыларымен хабарласып, Ресейден біржолата кетеді. Ал 15 қарашада Мадридке жетіп, саяси баспана сұрайды.
Чибриннің айтуынша, оның өтініші қаралып жатқанға ұқсайды. Әзірше ол босқындарға арналған уақытша орталыққа орналасыпты.