Halyq Uni логотип
×

Жетісуда 4 жыл бұрын істі болған шенеунік мектепте сабақ беріп жүр

Әкімдік пара алғаны үшін сотталған экс-шенеуніктің мектепте жұмыс істеуі заңға қайшы келмейтінін мәлімдеді

 Халық үні 22.11.2022 | 12:40
Жетісуда 4 жыл бұрын істі болған шенеунік мектепте сабақ беріп жүр
Halyq Uni

Жетісу облысындағы ауыл мектебінде төрт жыл бұрын істі болған шенеунік оқушыларға сабақ беріп жүр. Әкімдік мұның заңға қайшы келмейтінін мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni

Кербұлақ ауданына қарасты Сарыөзек ауылындағы Қонаев атындағы орта мектепте Назгүл Балхашеваның математика пәнінен сабақ беріп жүргені расталды. Ол сотталғанға дейін Кербұлақ ауданының білім бөлімін басқарған. Аудан сотының шешімімен 2018 жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3,6 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған мемлекеттік мекеме мен ұйымдарда басқарушы қызметті атқаруға өмір бойына тыйым салынған. 2021 жылдан бері ол мектепте математика пәнінен сабақ береді.

Жетісу облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Әлішер Башаровтың айтуынша, жемқорлық әрекеті бойынша сотталған азаматқа мектепте жұмыс істеуге шектеу жоқ.

«Еңбек кодексінің 26-бабына сәйкес, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамды жұмысқа орналастыруға жол берілмейді делінген. Ал білім беру мекемелері бұл санатқа жатпайды. Сонымен қатар жемқорлық ісі кәмелетке толмағандардың қатысуымен білім беру, тәрбиелеу және дамыту ұйымдарына жұмысқа орналастыруға жол берілмейтін шектеу тізіміне енбейді», - дейді Әлішер Башаров.

Назгүл Балхашеваға тек мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда басқару қызметтерін атқаруға өмір бойына тыйым салынған, алайда өзге қосымша шектеулер жоқ.

«Яғни, педагогикалық қызметпен шұғылдану құқығынан айырмаған. Балхашеваның қазір жалпы орта білім беру мекемесінде педагог қызметін атқаруында ешқандай заңсыз әрекет жоқ», - дейді басқарма маманы.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама