Жыл басынан бері шетелдіктердің қатысуымен жалпы 120 шара өткен
Қазақстандықтар Ресейдің Украинаға басқыншылығын қолдаған ресейлік шоу-бизнес өкілдері мен коучтарының елімізге келуіне жаппай қарсылық білдіре бастады. Әлеуметтік желіде басталған қарсылық нәтижесіз емес, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Өткен аптада Алекс Лесли деген атпен танымал ресейлік блогер Александр Кирилов Алматыға келіп, қазақ қыздарын еліктіруді үйрететін тренинг өткізбек болған. Казнеттің қолданушылары аталған тренингке жаппай қарсылық білдіре бастаған соң, Алматы қаласының полиция департаменті мәлімдеме жасады.
«Алматы қаласының Полиция департаменті қабылданған шаралармен Ресей Федерациясының азаматы А.Кирилловтың Қазақстанға кіруіне бір жылға тыйым салынғанын мәлімдеді», – делінген хабарламады.
Сондай-ақ қазақстандықтар 4 желтоқсанда Алматыда жоспарланған «Новая реальность» бизнес форумына ресейлік имам Шамиль Аляутдиновтің қатысуына қарсылық білдірді. Бұл қарсылық та нәтижесіз емес. Форумның ұйымдастырушылары Аляутдиновтің аталған форумға қатыспайтынын мәлімдеді. Оны имамның өзі де растады.
«Құрметті қазақстандықтар, мен наразылық толқынын және ұйымдастырушылар мен спикерлерге проблемалар туғызбас үшін Астанаға (Қазақстанға) бармаймын», – деді ол.
Содан кейін ол өзіне өтірік пен жала жауып, арандатқан хейтерлер «өздері шіріп, өлетінін» атап өтті.
Еске сала кетейік, ол Мәскеу мемориалдық мешітінің имамы. «Триллионер» атты жеке жобасын жасап, онымен түрлі тренинг өткізеді. Сонымен қатар, Ресейдің басқыншылық саясатын толық қолдап, аталған соғысқа «Украина мен Батыс» кінәлі деген пікірін ашық айтып жүр.
Ресейдің Украинаға басқыншылық әрекетін бастағанда көптеген ресейлік әртістер Кремльдің ұстанымына қарсы шықты. Мәселен, Леонид Агутин, Велерий Меладзе, Максим Галкин және т.б. жұлдыздары қарсылық білдірді. Тіпті, Ресейдің халық әртісі Алла Пугачева балаларын алып елінен кетті.
Сонымен бірге көптеген сахна өкілдері Кремльдің әрекетін жақтап шықты. Олардың қатарында Филипп Киркоров, Олег Газманов, Аврамм Руссо, Григорий Лепс, Николай Басков және т.б. бар. Олар Донецк пен Луганск қалаларында концерт қойып, әскери госпитальдардағы науқастарға барып түрлі акциялар өткізе бастады.
Қазақстандағы мәдени-бұқаралық іс-шараларға билет сатуды ұйымдастыратын Тикетон сервисінің мәліметінше, биылғы қаңтар-қараша айларында елімізде шетелдік артистердің қатысуымен 120 шара өткен.
«Оның 103-і Ресей Федерациясынан келген қонақтардың қатысуымен өтті. 2021 жылы шетелдік артистердің қатысуымен барлығы 25 концерт өткен болатын, олардың барлығы ресейліктер», – деді Тикетон компаниясының басшысы Виктория Торгунакова.
Бұған қоса, ол өткен жылы ресейлік артистердің 14 іс-шарасы өтпей қалған, ал 6-ауы басқа датаға ауыстырылғанын айтты. Мұның себебін ковидтік шектеулермен түсіндірілді.
Айта кетейік, Қазақстанда шетелдік әртістер мен ұжымдардың гасторльдік турлары туралы нақты ақпарат жоқ. Мәдениет министрлігі тек ведомствоға бағынышты ұжымдардың есебін жүргізеді. Ал шетелдік өнер ұжымдары мен әртістерінің кештерін ұйымдастырумен әкімдіктерге қарасты мәдени нысандарға иелік ететін басқарушы компаниялар айналысады. Аталған компаниялар ақша табу үшін шетелдік өнерпаздармен өздері келісімге келеді.
Қоғам белсендісі Тоғжан Қожалының пікірінше, ресейлік артистер санкциялық тізімде болғандықтан ақша табу үшін Қазақстаннан басқа елге бара алмайды.
Олар елімізге кремльдік пропаганда жүргізу үшін емес, ақша табу үшін келеді. Себебі санкциялық тізімде болғандықтан басқа елге бара алмайды. Негізі соғыс пропагандасын жүргізетіндердің тізімін бізге де жасау керек еді. Мұны заң аясында істеуге болады, – деді ол.
Сондай-ақ белсенді бұл тізімді жасау үшін артистердің Луганск пен Донецк облыстарына барғанын назарға алу жеткілікті деп есептейді.
«Бізде ұлтаралық араздастықты қоздыру, соғыс пропагандасын жүргізу және әскери іс-қимылға қатысуға үгіттеуді реттейтін заң бар. Олардың көбісі Донецк пен Луганскқа барған, ал онда әскер іс-қимылдар жүріп жатыр. Соны негізге алып тізім жасап, оларды Қазақстанға кіргізбеуге болады. Бірақ біздің билікте оны істеуге саяси намыс бар ма, жоқ па білмеймін. Жеке ісі деп ондай тізім жасай қоймас. Бірақ дәл осы жағдайда билік саяси намысын көрсетуі керек деп ойлаймын», – деді Тоғжан Қожалы.