Маңғыстауда иесіз иттер қорадағы малға шапты: әкімдік облыста панажай жоқ екенін айтты
Иесіз иттерге арналған панажай салуға биыл қаржы бөлінбеген
Маңғыстау облысында иесіз ит көбейді. Заң бойынша оларды атуға тыйым салынғалы олардың саны бірнеше есе артқан, деп хабарлайды Нalyq Uni.
Түпқараған ауданына қарасты Ақшұқыр ауылында иттер қорада тұрған малға шапқан. Тұрғын Жанаргүл Таңғалиеваның айтуынша, кейде иттер ауылдағы балаларды да қабады.
«Кешкі уақытта қаңғыбас иттер қорамыздағы малға шауып, қырып салды. Бұл иттер көшеде сабаққа бара жатқан балаларды да қуатын кездер болды. Осыған әкімдік тиісті шара қолданса екен. Осы бетімен кете берсе, иттер адамға да шабады», - дейді Жанаргүл Таңғалиева.
Түпқараған ауданы әкімдігі мамандары Ақшұқыр ауылында болған жағдайға түсініктеме берді.
Бұл мәселе бойынша тұрғын келіп өтініш жазды. Соның негізінде қараусыз иттерге қатысты тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жыл басынан бері Ақшұқыр ауылында 200-300 шамасында бұралқы ит ауланған, - деп хабарлады Түпқараған ауданы әкімдігі.
Маңғыстау облысы ветеринария басқармасы осы жағдайдан кейін Ақшұқыр ауылында иесіз жүрген иттерді аулау жұмыстары жүргізілгенін хабарлады.
«Ауылдағы ветеринарлық станция мамандары қараусыз жүрген иттерді толық аулады. Заң бойынша иттерді ата алмаймыз. Қараусыз жүрген ит пен мысықты ұстағаннан кейін, уақытша ұстап орындарына апарамыз. Алайда оған қаржы бөлінбеген. Сондықтан соңы қалай болатынын өзіміз де білмейміз. Себебі өңірде арнайы панажай салынған жоқ. Келесі жылы панажай салуға қаржы бөлуді қарастырып жатырмыз», - деді басқарма басшысы Бердібек Мархабаев.
Иттерді атуға болмайтыны туралы норма 2022 жылдың көктемінде енгізілді. Сол себепті биылғы бюджетте оған қаржы қарастырылмаған.
«Аудандарда иесіз иттерді ұстау үшін панажай салу туралы әкімдерге хат жаздық. Оның барлығы жүз пайыз атқарылды деп айта алмаймын. 2022 жылдың басынан бері облыс бойынша 9 169 ит ауланды. Біз адамға немесе малға шапқан иттерді бірден атып, жансыздандыру жұмыстарымен айналысып отырмыз. Олардың көзін жоймаса, қайтадан шабуылдай береді. Себебі олардың ұстайтын бізде орындар жоқ», - дейді Бердібек Мархабаев.
Қазір өңірде панажай салуға арнайы орындар дайындалып жатыр. 2023 жылы кейбірі пайдалануға беріледі.
Айта кетейік, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңда үй және иесі жоқ иттер мен мысықтарды аулау, ұстау, есепке алу, серуендету, тасымалдау, өлтіру ережелерін бұзғаны үшін айыппұл қарастырылған.
Мәдина Керімқұл, Маңғыстау облысы